ЖЕЗҚАЗҒАНДА ГАЗ ТАРТЫЛАТЫН ҮЙЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

Елбасының бес әлеуметтік бастамасында алға қойылған басты мәселенің бірі елімізді газбен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыру болып отыр. Осыған орай, Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана магистральді газ құбырын салу жобасы қолға алынғаны белгілі. Жақын болашақта жүзеге асатын бұл игілікке өңір тұрғындары да үлкен үмітпен қарауда. Бұл тұрғыда Жезқазған бойынша не істеліп жатыр деген сауал қазір әркімнің көңілінде тұрғаны анық. Біз қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне арнайы барып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан едік.

«Сарыарқа» магистральді газ құбырының желісі 1136 шақырымды құрайтын болса, оның 26,3 шақырымы Жезқазған қаласының аумағынан өтеді. «КАТЭК» ЖШС-мен бірлесіп бүгінде қала бойынша газ тұтынуға қажеттілік мөлшерін анықтау жұмыстары аяқталыпты. Газдандыру схемасын бекіту жөніндегі комиссия құрылды. Теміржол аумақтарынан құбырларды өткізетін жерлері анықталып, нақтыланды. Газ өткізгіш 6 қондырғыны және реттегіш шкафтарын орнататын жерлер де белгіленіп отыр.

Жалпы, Жезқазған қаласын газдандыру үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте — Талап ауылы мен Бөгенбай батыр ықшам ауданы (Вокзал маңы.)  Одан әрі Қабанбай батыр ықшам ауданы (Геология пос.) тұрғындары көгілдір отынның қызығын көретін болады. Екінші кезекте — Бекболатсай (Рыбачий), Қостангелді (Комбинатский) ықшам аудандары  газға қосылса, одан әрі 91-99 орамдар, 7-8 ықшам аудандар, Батыс аудандар газ желісіне қосылады. Үшінші кезек — 66-84 орамдар мен 1-8 орамдарды қамтиды. Жезқазғанға газ беру Талап ауылы маңында орын тебетін газ тарататын станса арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда айқындалып отырғаны 12 шақырымдық 14 көшені, 900 тұрғынды, бір мектепті  қамтитын Жезқазған Станциясы маңайындағы үйлерге, 6 шақырымдық 9 көшені, әлеуметтік нысан ғимаратын қамтитын Геология кентіне, 10,1 шақырымға созылатын 20 көшені қамтитын Комбинатский үйлеріне және 15 шақырымдық 16 көшесі, әлеуметтік нысаннан мектебі бар Рыбачий тұрғын үй жайларына тарату желілері тартылып, газ беріледі. Сондай-ақ, 7-8 ықшам ауданның 4 көшесін қамтитын 8 шақырымдық, 91-94 орамдардың 21 шақырымдық 12 көшесіндегі үйлерге, әлеуметтік нысандардан бір мектеп пен бір бала бақшаға газ желілері тартылатын болды. Батыс ауданның газ желілері тартылатын көшелері әзірше анықталған жоқ, шамамен 2010 адам газбен қамтамасыз етіледі деп жобалануда. Талап ауылының ішіндегі 9 көшеге 11  шақырым желі тартылып  ондағы үйлердің барлығы газға қосылады. Сонымен қатар, жобада мектеп пен әкімшілік ғимараты сияқты әлеуметтік нысан да бар. Талаптағы жоба бойынша  3,5 мың жеке меншік үйлер мен 14 көп қабатты үй газбен қамтылып, 12 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көрмекші.

Бүгінгі таңда «Газ бөлетін компания» филиалы орын тебетін жер телімін таңдау жұмыстары жүргізілуде. Компания филиалы Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданына тартылатын көгілдір отын желілерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолында қызмет жасайтын болады. Қазір жердің кадастрлық жоспары дайындалып, штат кестесінің алғашқы жобалары әзірленді. КАТЭК ЖШС қалаға газ тартудың үш кезеңі бойынша жобалық құжаттарды әзірлеумен айналысуда.

Бұған дейін айтылғандай, жобамен 2 млн. 700 мың адамды көгілдір отын игілігімен қамтамасыз ететін «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша газ құбырының құрылысын 2019 жылдың соңында аяқтау көзделген болатын.  Жалпы бұл саланың кейінгі кездегі бағыт-бағдары жайлы айта кетер болсақ, стратегиялық мәні зор Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральді газ құбырының тасымалдау мүмкіндігін арттыру мақсатында ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясы өткен жылы «Қараөзек» газ тарату станциясын пайдалануға берген болатын. Облысымыздың 820 шақырым аумағынан өтетін «Сарыарқа» газ құбыры осы Қараөзектің газын халық игілігіне айналдыратын болады.

Новости в Вашем регионе