Жаңашыл ұстаз – заман талабы

Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой.  Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.
 

Менің көзқарасым бойынша, заманауи ұстаз ол өзіне де оқушыларға да ыңғайлы кеңістік жасайды. Ол үшін білім беру мен тәрбиелеу барысында ата–анамен,  әріптестерімен, оқушылармен тығыз қарым қатынаста болу керек. Сонда ғана болашағымыз жаңа да жарқын болып, жан-жағымызға «жаңа көзқараспен»  қараймыз. Елбасы Н.Назарбаев қай кезде болмасын ұстазға үлкен құрметпен қараған. Ол «Ел болашағының кілті - бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жас ұрпақтың тағдыры олардың бойына білім мен ізгілік нұрын себуші ұстаздардың қолында. Тек жоғары сауатты, дарынды, дана әрі отансүйгіш мұғалім ғана лайықты ұрпақ тәрбиелеп шығара алады»-деп бірегей тұлға-ұстазға деген құрметі ерекше екендігін білдірген болатын. Сондықтан өз білгенімді көңілге түйіп, көргенімді қолмен ұстап, әр сабақ сайын оқушыларыма жаңашыл инновациялық технологиялардың көмегімен қызықты да түсінікті оқу материалын меңгертуге тырысамын. Әр сабақ соңында кері байланысқа уақыт бөлемін. Өйткені сабақ туралы оқушыларымның пікірі мен үшін өте маңызды. Өз қызметім барысында біріншіден, оқушының өз-өзіне сенімді болуына көмектесемін; екіншіден, оқушыларды шынайы жақсы көремін; үшіншіден, оқушыларды қолдап, бастаған істеріне көмек қолымды ұсынып, дұрыс жолын көрсетуге тырысамын; төртіншіден, оқушылардан жақсылығымды аямаймын және шәкірттеріме өз шуағым, мейірімімді сыйлаймын. 
Мұғалім  қандай  болса, оның шәкірттері де сондай  болады. Яғни, мұғалім  білімді  болса, ол  мектептен  балалар көбірек  білім  алып  шығады. Солай  болған  соң, ең  әуелі  мектепке  керегі,  педагогика  әдістемесінен  хабардар, жақсы  оқыта  білетін  мұғалім – керек  деген   ғұламалар. Мұғалім сөзімен, ісімен, мәдениетімен, білікті  білімімен, ұйымдастырушылық  қабілетімен, балалармен  тіл  табысушылық  қасиетімен, асқақ, өз кәсібін  қадірлеген  ұстаз  ғана педагогтың  мәртебесін биік  ұстай  алады. 
Заманауи  ұстаздық қызметтің қыры мен  сыры  мол, сондықтан да ұстаздар  өз ісінің  әрбір тетігін  жетік  меңгеру керек. Қазақ елінде білім беру жүйесі жылдан-жылға жаңаруда. Қазіргі таңда дамыған елдердің қатарына қосылу мақсатында сабақты түрлендіріп, жаңаша бір леп беру бағыты сатылап оқу үдерісіне енгізіліп жатыр. Мен қоғамда болып жатқан өзгерістердің куәсімін және бірден-бір себепкерімін. Себебі, мен осы заманның мұғалімімін, қоғамды өркендетуші жеке тұлға тәрбиешісімін. Педагогикалық ұстанымым: заман ағымына сай, жаңашыл, шығармашыл ұстаз болу.  Менің мақсатым - жас баланың патриоттық сезімін ояту, ана тілін жетік меңгерту және құрметтеуге үйрету, рухани-адамгершілік қасиетін арттыру, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіру, бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу.
Ұлы педагог Ы.Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» - деген қанатты сөздері әрқашан ойымда.   Жаңашыл ұстаз -заман талабы. Теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асыра алатын, жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз жеке тұлға болуы тиіс. Ең жақсы мұғалім — шәкіртінің жанын түсінетін, оны өз перзентіндей сүйе алатын, оқушы үшін бойындағы барын беретін, барлық білімді жібермей, шәкіртін өздігінен білім алуға жетелейтін мұғалім.
Көреген халқымыз әр кезде де ұстаз мәртебесін жоғары бағалаған. «Ұстазы жақсының -ұстамы жақсы» деп, бар жақсы ниет-тілекті ұстазға арнаған.  Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады.» -дейді. Әр уақытта   ұстаз жоғарыда атап өткен жайлардың үдесінен шыға отырып, шәкірттеріне сапалы білім берсе, тек білім ғана емес сонымен қатар жандарын жараламай, бойындағы бар мейір- шапағатын аямай, олардың екінші ата-анасы  ретінде  қамқорлықтың шуағына бөлеп, білімнің асқар биік шыңына шығаруға  бар  күш-жігерін жұмсағанда білім беру жүйесінде «Қазақстанның болашағы — жастарымыз»  үшін үлкен жетістік пен оның жемісі көрінері айқын.
 

Новости в Вашем регионе