Жаңартылған мазмұн оқулықтарын тасымалдау жұмысы басталды

БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова өңірдегі білім беру ұйымдарының жаңа 2018-2019 оқу жылына дайындығы туралы баяндады.

2018-2019 оқу жылында өңірдегі 379 жалпы білім беретін мектепте 100 мыңнан астам оқушыны біліммен қамту жоспарланған. Соның ішінде 12490 оқушы 1-сыныпқа қабылданады. Жергілікті бюджет есебінен бөлінген 2730 млн. теңге қаржыға жаңартылған білім мазмұны негізінде оқытылатын 4,6,8 сыныптарының барлық оқулықтары, мектепалды даярлық сыныбы мен арнаулы мектеп оқулықтары, 1-сыныптарға арналған дәптерлерге тапсырыс жасалып, оқулықтарды тасымалдау жұмысы басталды.

Облыста үш бірдей бастауыш мектеп өз жұмысын тоқтатуы мүмкін. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова бұл жағдайды оқушылар контингентінің азайып, талапқа сай келмеуіне байланысты екенін айтады. Орал қаласының №19 ЖОББМ, №24 «Солнышко» балабақшасы, Шыңғырлау ауданына қарасты Шыңғырлау ЖОББМ-да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2018 жылы республикалық бюджеттен Зашаған кентінің Сарытау шағынауданында 900 орындық, Қазталов ауылынан өнер мектебінің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.

Биылғы жылы қажетті мамандармен қамтамасыз етуде 93 грант 4 жоғары оқу орнына орналастырылды. Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін талапкер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына құжаттарын тапсыруы қажет. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын алуға арналған конкурсқа өтініштер 5-10 тамыз аралығында қабылданады.

Мектеп оқушыларының сабаққа қатысуын толық қамтамасыз етуге бағытталған республикалық «Мектепке жол» акциясы биыл да жалғасын таппақ. Зәуре Базарғалиқызының баяндауынша, 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында ірі өндірістік компаниялар мен ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары т.б. қол ұшын созып, демеушілік жасайды. Өткен жылы 19433 әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына көмек көрсетілді.

Новости в Вашем регионе