Венгр делегациясы ауданға келді

Еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында 10 шілде күні ауданға Венгрия мемлекетінен делегация келді. Делегацияны Венгрияның Қазақстан Республикасындағы елшісінің бірінші орынбасары Шандор Дороти бастап келді. Мажарстан елінен келген қонақтарды аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Мұхамедин, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Қауметов күтіп алды.

Делегациямен бірге әйгілі түркітанушы венгр ғалымы, еуропалық қыпшақтанудың негізін салушы, ғылым докторы, профессор Иштван Қоңыр Мандокидің жұбайы Айша Мандоки де келді. Бүкіл саналы ғұмырын түркі жұртының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап өткен қайталанбас дара тұлға Иштван Қоңыр Мандоки еңбектерінің негізгі нысанасы – мажарлардың және құмандардың көне тарихы, түркі-мадияр байланыстарын зерттеу болды. Ол араға жеті ғасыр уақыт салып атажұртқа оралған Венгриядағы құман-қыпшақ өкілі болатын. Көзі тірісіндегі арманы – Венгриядағы құман-қыпшақтардың ұмыт болған тілі мен ділін қайта жаңғырту болатын. Ол Еуропадағы құман-қыпшақтар мен түркі халықтары арасындағы тарихи-мәдени байланысты терең зерттеген. Айша апай Қазақстанда туған, өткен ғасырдың 80-жылдары жұбайымен Венгрияға көшкен. Бүгінгі күні Будапеште тұрады, халық университетінде шығыстану бөлімінде қазақ тілінен сабақ береді. 2014 жылы Мажар елінен шыққан күллі түркі әлеміне аты мәлім түркітанушы ғалым, қоғам қайраткері Мандоки Қоңыр Иштванның туғанына 70 жыл толуына арналған форумда Айша Мандоки жұбайының 16 мыңнан астам жеке кітап мұрасын академияның кітапханасына тапсырған.
Венгрлер өздерін мажарлар немесе мадиярлар деп атайды. Көне түркі əдебиеттерінде де Венгрияның Мажарстан деген жалғыз атауы бар. Көптеген елдерде қазірде де Венгрияның ресми жəне кең тараған атауы– Мажарстан.

Сондай-ақ делегация құрамында Венгрия Парламентінің Вице-Спикері Шандор Лежактың жұбайы Габриелла Лежактың көркемдік жетекшілігіндегі "Куражи" би ансамблі бар.

Венгр делегациясы Елбасының бағдарламасы аясында салынған Шортанды №3 орта мектебіне барып, кабинеттер, спорт залды көріп, жас каратэшілердің өнерін тамашалады және Польшадан келген волонтерлер ұйымдастырған тілдік курстарға келуші балалармен ескерткіш суретке түсті. Одан кейін Научный кентіндегі "А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС-не келіп, мұражайды аралады. Орталықтың директоры Кенже Абдуллаев қонақтарға ғылыми-өндірістік орталықтың негізгі қызметі мен тарихы жөнінде шолу жасады. Әр жылдары қызмет еткен ғалымдардың зор жетістіктері мен қазіргі таңдағы орталықтың жаңа жобалары жөнінде баяндады.

Сондай-ақ Балалар шығармашылығы үйі мен музыка мектебіне де барды. Кешке аудандық мәдениет үйінде венгерлік "Куражи" би ансамбілінің концерті өтті.

Новости в Вашем регионе