Үздік педагог - 2018

Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі басты тұлға – мұғалім десек, ХХІ ғасыр ұстаздарына бүгінгі таңда көп міндеттер жүктеліп отыр. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық.

Өткен аптада Шортанды №1 орта мектебінің акт залында дәстүрлі аудандық "Үздік педагог - 2018" байқауы өтіп, оған аудан мектептерінің ұстаздары қатысты. Байқаудың мақсаты педагогикалық кәсіптің мәртебесін көтеру, аудандағы шығармашыл ұстаздардың тәжірибесін тарату және үздік мұғалімдерді айқындау болып табылады. Байқаудың салтанатты ашылуында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Хапур Айнагүл, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәуле Қасенова сөз сөйлеп, байқауға қатысушы ұстаздарға сәттілік тіледі. Ұстаздардың педагогикалық шеберліктерін, шығармашылықтарын бағалаған әділ қазылар құрамында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Х.Қасенова, тілдерді дамыту орталығының директоры Ш.А.Бабаханова, аудандық "Өрлеу" және "Вести" газеттерінің бас редакторы Г.С.Қабдешова, аудандық білім беру бөлімі қызметкерлерінің кәсіподақ Кеңесінің төрайымы Т.С.Хаверко, білім беру бөлімінің әдіскері А.Хапур болды.

Байқауда ауданның 5 мектебінен келген мұғалімдер өзін-өзі таныстыру "Менің педагогикалық ұстанымым", ашық сабақтар өткізу, "Рухани жаңғыру" тақырыбына эссе жазу, шығармашылық жобаларды қорғау бойынша сынға түсті. Байқаудың барлық кезеңінде ұстаздар өз педагогикалық шеберліктерін, озық тәжірибелерін көрсете білуге тырысты. «Жүзден- жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегендей, байқау нәтижесі бойынша бас жүлде - Гран-приді Шортанды №3 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Өнерхан Айнұр жеңіп алып, облыстық байқауға жолдама алды. 1 орынды Бектау орта мектебінің ағылшын тілінің мұғалімі Нұртазина Гүлмира иеленсе, 2 орынға Шортанды №2 орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Черный Виталий лайық деп танылды. Ал 3 орынды Жолымбет №2 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Хуат Іңкар иеленіп, Новоселовка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Аттебай Дарияшқа байқауға қатысқаны үшін Алғыс хат табыс етілді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген тұжырым жасады. Бүгінгі ұстаз оқушыларға тек ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оларды әлемдік білім, ақпарат кеңістігіне шығуға тәрбиелеуі керек.

Новости в Вашем регионе