Ұстаз жұмысының нәтижелілігі оқушының табысты болуынан көрінеді

Жалпы білім беретін мектептердің оқу үрдісіндегі басты айырмашылығы – өткен оқу жылдарында бастау алған жаңартылған білім жүйесіне көшудің жалғасқанымен сипатталады. Қаламыздағы М.Ықсанов атындағы №36 орта мектебі алғаш апробациядан өткізу жұмыстарын бастаған болатын. Білім ордасының жаңа оқу жылындағы беталысы, бәсекеге қабілетті тұлға дайындаудағы ұстаздар еңбегімен танысуда мектеп директоры Әзима Ғұбашевамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Әзима Зиннатқызы, білім әлемінде 25 жылға жақын жүздеген шәкірттерді өмірге қанаттандырған №36 білім ордасы облыс көлемінде жыл сайын білім сапасы бойынша жоғары көрсеткіш байқатып келеді. Жаңа оқу жылындағы мектептің тыныс-тіршілігі, жаңа бастамаларды қысқаша таныстырып өтсеңіз. Қанша оқушы білім алуда?

– Жыл сайын жаңа оқу жылы алдында дайындыққа баса назар аударылатынын білесіз. Биыл мектебіміз 24-ші оқу жылын 548 оқушымен бастады. Жаңа оқу жылының ерекшелігі – 9-10 сыныптар жаңартылған білім мазмұнының оқу жоспарларын, оқу-әдістемелік кешендері мен оқулықтарын сынақтан өткізуді және 8, 9, 10 сыныптардың биология, химия, информатика, физика пәндерін ағылшын тілінде оқытуды енгізу қолға алынуда. Мектеп оқушыларын үйірмелер мен спорттық секцияларға кеңінен тартуда мектептен тыс мекемелермен көптеген қосымша келісім жұмыстары жүргізілді. Осыған орай оқушылардың жан-жақты жетілуіне, қабілеттерін шыңдай түсуіне жағдай жасалмақ.

– Облыста М.Ықсанов атындағы №36 орта мектеп 12 жылдық білім беруге көшудің республикадағы 30 пилоттық мектептер қатарына қосылған болатын. Бүгінгі күні нәтижесі қандай?

– Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы еліміздің білім саласындағы оқыту әдістемелеріне өзгерістер алып келді. Жаңа мазмұнға сай оқытудың басты құралы оқулықтар да жаңартылды. Оқушыларымызға өздігінен іздену, оқу қабілеттерін шыңдау мүмкіндігін беру – құптарлық бастама.

Қазақстан Республикасында білім беруді мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 30 пилоттық жалпы білім беретін мектептердің 4-сыныптарында жаңартылған білім мазмұнын апробациядан өткізу жұмыстарын жалғастыруда. Басым бағыттарды іске асыруда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесе жұмыстарды атқарып келеді.

4-сыныптың оқу бағдарламалары жаңа білім стандарты бойынша оқыту процесін, критериалды бағалау жүйесін, оқытудың жаңа формалары мен әдіс-тәсілдерін тексеруге және жетілдіруге, білім алушылардың нақты оқыту мақсаттарына қол жеткізуіне, сондай-ақ білімнің белгілі бір көлемін меңгеруіне, оларды оқудағы және өмірдегі проблемаларды шешуде қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған.

Қазіргі таңда жаңартылған білім мазмұнының тиімділігіне оқушы да, ата-ана да, мектеп те көз жеткізді.

2018-2019 оқу жылының басталуына дейін төрт диагностикалық тестілеу жүргізілді. 1-сыныптарға «кіріс» және «шығыс», 2-3 сыныптарда «шығыс» тестілеуі бойынша мектебіміздің оқушылары 67,7 пайыздан-86,4 пайыз көрсеткіш көрсетті. Орташа балдың өсуі қаладағы бақылау мектебімен салыстырып жасалынады. Алынған нәтижелер тұтастай алғанда апробацияланып отырған білім моделінің тиімділігін аңғартады. Жыл сайын диагностикалық тестілеуді жергілікті физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің сырттай бақылаушылары өткізеді.

М.Ықсанов атындағы №36 орта мектебінен апробация жұмысына 10 педагогіміз қатысып, біліктілік сапасы 20%-дан-80%-ға жетіп отыр. 5 мұғалім ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 3 мұғалім Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Соңғы үш оқу жылы ішінде 32 облыстық, қалалық семинарлар оздырылып, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесе өткізілетін әр жыл сайын 4 аймақтық семинарларда облыстың бастауыш сынып мұғалімдерінің сұрауына сай тақырыптық, әдістемелік көмек ұйымдастырылады. 2 мұғалім «Назарбаев Зияткерлік мектептері» баспасының «Әдебиеттік оқу» оқулығының авторы саналады.

Апробация сыныптарының 10 мұғалімі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының, Орал қаласындағы Педагогикалық Шеберлік орталығының тұрақты дәріскері ретінде шеберлік сыныптарын өткізеді. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж оқытушылары мен студенттеріне бірқатар сабақтар легін ұйымдастырды. Осы жұмыстардың нәтижесінде апробация мұғалімдері қала, облыс деңгейінде 11 жинақ таратты. Мұғалімдерімізден қазіргі 4-сынып оқушылары да қалыс қалмайды. Халықаралық деңгейде – 10, республика көлемінде – 12, облыс – 10, қала көлемінде – 15 оқушы өз жетістіктерін көрсеткен болатын.

– Еліміздегі білім беру жүйесі үшінші жыл қатарынан жаңартылған білім бағдарламасы бойынша оқытылуда. Бағдарламаның енгізілуімен оқыту процесі де, оқушы үлгерімін бағалау да өзгерді. Жаңартылған білім беру мазмұны негізінде қанша педагог біліктіліктерін арттырды? Сіздің ойыңызша мұғалім мен оқушы, ата-ана арасындағы байланыс қаншалықты жақындай түсті?

– М.Ықсанов мектебінде 49 мұғалім қызмет атқарса, деңгейлік курстарын 22 мұғалім тәмамдады. Биыл ұстаздарымыз жаңа аттестаттау бойынша 8 – зерттеуші, 7 – сарапшы, 1 – модератор біліктілігін алды. Жалпы барлық мұғалім жаңартылған білім мазмұнына сай біліктілік курстарында білімдерін шыңдады.

Биылғы оқу жылында 1-8 сыныптар жаңартылған оқу бағдарламасымен оқытылып, критериалды бағалау жүзеге асырылады. Критериалды бағалау формативті және ішкі жиынтық бағалауды қамтиды. Бағалау жүйесі мұғалім мен ата-ана арасында тығыз байланысты қолдауды және ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қарастырады. Әрбір оқу жылының басында оқушы да, ата-ана да бөлім, тарау бойынша және жиынтық тоқсандық бағалау санымен, реттілігімен танысады. Оқыту нәтижесі бойынша жазбаша немесе Күнделік.kz арқылы ата-аналарға рубрика түрінде хабардар етіледі. Ол жұмысты 4 жыл бойы ата-аналарға арналған практикалық тренинг, кеңес-сабақ, шеберлік-сыныптар аясында ұйымдастырып келеміз. Осындай жұмыстардың басында мектеп ата-аналары да модератор ретінде көмек көрсетеді. Ата-аналарымыз түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырушы ретінде де өз үлестерін қосуда.

Дәстүрлі түрде ата-аналар, қоғамдық ұйымдар үшін 2 тоқсанда «Ашық есік» күнін ұйымдастырамыз. Бұл, ең алдымен, ата-аналардың мектептегі оқу-тәрбие үдерісінен толық хабардар болуына, өзара байланысты күшейте түсуіне ықпал етеді. Мектептегі мұғалім жұмысының нәтижелілігі оқушының табысты болуынан көрінеді. Ұстаз – қазір тек білім беруші ғана емес, үлкен өмірге жетелеуші, бағыттаушы. Мектеп табалдырығын аттаған әрбір түлек жылдар өте өз мектебіне сағына оралады, осының өзі байланыстың болуы, өміршеңдігі деп білемін.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы білім саласына, соның ішінде мектеп оқушыларына туған жерді танып, ұлттық құндылықтарымызды сіңіртуде ерекше маңызға ие. Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша тәрбие жұмысында қандай өзгерістер орын алды?

– Мектеп жұмысына Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жаңа жобалардың енгізілуі балалардың ұлттық дәстүрімізбен сусындап, Отанға деген махаббатты еселей түсері анық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» секілді кіші бағдарламалары аясындағы жобалар кеңінен қолданылады. Бәсекеге қабілетті, прагматикалық, патриоттық және белсенді ұрпақ қалыптастыру үшін «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы білім және білімге құштар табысты болашақтың негізін құрайды. Салауатты прагматизмді оқыту және өмірдегі білімін тәжірибеде қолдану; оқу үрдісінде жобалық қызметті жүзеге асыру; халықаралық талаптарға сай білімге қол жеткізу кіші бағдарламаның басымдықтары болып табылады.

Мәселен, «Өлкетану» базалық бағыты бойынша Қазақстанның игілігіне арналған істерге қатысуға дайын, өзінің кішкентай Отанының тарихына, мәдениетіне, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне деген құрмет пен белсенді азаматтық позициясы бар патриот қалыптастыру мақсаты қойылады. Осыған орай «Туған жерге тағзым» жобасы мектепте белсенді жүргізіліп келеді. Жоба туған өлкені танып-білуге, оқушылардың бойында туған елдің ерекшелігі мен оның қыр-сырын білуге, патриоттық сезімді арттыруға арналған.

Мектеп оқушылары қаланың, облыстың тарихи орындарына таным жорықтарына барып қана қоймай, шағын ғылыми-зерттеулерін жүргізеді. Биыл «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде өткен «Табиғат әлемі балалар көзімен» облыстық байқауында Дильназ Махутова І орын, «Менің Отаным – Қазақстан» жас натуралистер мен экологтардың облыстық форумында 9 «б» сынып оқушысы Ақбаян Баймағанбетова ІІІ орын, 8 «а» сынып оқушысы Мадина Ахметқалиева І орын иеленді.

Ұлы даланың дарынды ұл-қыздарының талантын шыңдау мақсатында ұйымдастырылған «ULY DALA DARYNY» телевизиялық жобасының республикалық өнер және білім байқауына 8-сынып оқушысы Ару Жұмағұлова «Нар» (коллаж техникасы), «Биші арулар» (гобелен), «Наурыз» (фильц техникасы) жұмыстарымен қатысып, бас жүлдеге ие болды. Ал, 2 «б» сынып оқушысы Диляра Сүлеймен облыстық «Асқақтай бер, Астанам!» мәнерлеп оқу байқауынан бас жүлдені жеңіп алды. Бұл – тек тәрбие саласының бір бағыты бойынша жетістіктеріміз.

Мектепте М.Ықсанов атындағы оқу-көрме залы облыстық деңгейдегі мұражай мәртебесіне ие. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған қалалық «Алғашқы алау» фестивалінде техникалық турнирдан биылғы жылы ІІІ орын иеленді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері С.Кадришева мен Л.Каринаның облыс деңгейінде «Жайықтың жыр жауһарлары» тақырыбындағы жинақ шығарылды.

2018-2019 оқу жылында «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша енгізілген тың жоба – домбырашылар ансамблінің құрылуы. 25 қатысушыдан тұратын ансамбль 5-6 сынып оқушыларынан құрылған. Негізгі мақсат – «100 күй» жобасы арқылы оқушыларды күй тартуға үйретумен қатар, олардың шығу тарихын да зерттеуге бағытталады. Негізі үлкен үзілістерде мектепте күйлер ойнатылады.

Мектеп оқушыларына Redx форматында оқытуды қолға алудамыз. Оқушы тыңдаушыдан білімді белсенді өндіруші рөліне айналады. Бірінші кезекте «100 кітап» жобасы арқылы қазақ, орыс, ағылшын тілінде әдебиеттерді оқып қана қоймай, таныстырып, оқуға ұсыныс беріледі. Жобаға тек оқушы емес, мұғалім де, ата-ана да атсалысады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Новости в Вашем регионе