Ұрпақ парызы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ғылыми қоғамдастықтар мемлекеттік органдармен бірлесе саяси қуғын-сүргін жылдарындағы қайғылы оқиғалардың архивтік материалдарын қалпына келтіру бойынша кең көлемді зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр.

25 шілде күні ауданға Л.Гумилев атындағы
Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев
және Оңтүстік Корея елінен Сеул университетінің
профессоры, өнертану докторы Чжи Вон Ким
жұбайымен, Қазақстан тарихы кафедрасының аға
оқытушысы, тарих магистрі Хасенова Жазира келіп
Жолымбет кенішіне барды. Олардың әкелері өткен
ғасырдың 30-40 жылдарында Жолымбет кенішінде
еңбек етіп, саяси қуғын-сүргін толқынына ұшыраған.
1937-1938 жылдары Қазақстанда көптеген адамдар
«ұлттық-фашизм» және «тыңшылық» әрекет жасады
деген жала айыптармен қуғын-сүргін құрбандарына
айналып, олар экономика, ауыл шаруашылығы
саласындағы дағдарысқа кінәлі деп сотталған.
Солардың қатарында Герберт Ким мен Артықбаев
Омар да болды.
Герберт Ким (Цзин-Цан-Ху) Кеңестер Одағына
Америка Құрама Штаттарынан 1930 жылы
«Главзолото» басшылығының келісімімен шақырылып,
Қазақстанға жіберілген. Ол кезде Қазақалтын тресінің
Орталық басқармасы Жолымбет кенішінде орналасқан
екен. Ол техникалық директор болып жұмыс жасап,
1937 жылы «троцкистік диверсиялық зиянкес
тыңшылық ұйымның» басшыларының бірі ретінде
айыпталып, ату жазасына кесілген. Бірақ, америкалық
биліктің араласуымен ату жазасы 25 жыл түрмеге
ауыстырылған. 1942 жылы Кеңестер Одағына басқа
елдерден көмек қажет болған кезде АҚШ өз
азаматтарын құтқаруды талап етіп, нәтижесінде
Герберт Ким бостандыққа шыққан.
Артықбаев Омар Баянауылда туған. 1932 жылы
қатты ашаршылық кезінде отбасымен Ресейге Омбы
облысына көшкен. 1935 жылы Қазақстанға оралып,
Жолымбет кенішіне тұрақтайды және осы кезден
бастап оның ауыр тарихи тағдыры басталады.
Артықбаев Омар «Каззолото»-ның құрылыс бөліміне
жұмысқа орналасып, бірақ көп ұзамай 1937 жылы
«әлеуметтік зиянкес элемент» ретінде қуғын-сүргінге
ұшырап кете барған. Қарлагтан босағаннан кейін Ұлы
Отан соғысының ауыр жылдарында Жолымбет
шахталарында еңбек еткен. 1947 жылы репрессияның
«жаңа толқыны» басталғанда Артықбаев Омарға тағы
да 58 бап бойынша халық жауы деген айып тағылған.
Тек Сталиннің қазасынан кейін 1953 жылы лагерьден
босап, еліне оралған.
2017 жылы Артықбаев Омардың ұлы тарих
ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл
Артықбаев өз әкесі туралы кітап жазып шығарды. Осы
кітаптың арқасында жуырда Астанада Герберт Кимнің
қызы Чжи Вон Ким мен Артықбаев Омардың ұлы
Жамбыл Омарұлының кездесуі өтті.
1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін
құрбандары, сол кездегі тұтастай ұлттардың қайғысы
ешқашан ұмытылмас. Нақақтан тағылған айыппен
ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу қаншама
азаматтарына «халық жауы» деген жала жабылып
атылып кетті. Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын,
оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін
мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге
салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән
беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы.
Қонақтар Жолымбет №1 орта мектебінің мұражайына
барып, архивтік құжаттарды табыс етті.
Кездесу соңында ауданымызға арнайы келіп, әкелері
жөніндегі архивтік материалдармен танысып, олардың
жүрген жолдарымен өтіп, рухтарын құрметкен еске
алған Чжи Вон Ким мен Артықбаев Жамбыл Омарұлы
кеніш басшысы Жанат Жолдығазиновке, Жолымбет
кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан
Шайфуллин және ауыл ақсақалы Болат Ыдырысқа
алғысын білдірді және естелік суретке түсті.
Қабдешова Гүлзияш

Новости в Вашем регионе