ҰЛТ ТАРИХЫН ТАНУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқып шығып, осындай ойға келдім. Өйткені біздің осыған дейін төл тарихымызды меңгеруде белгілі бір шеңберден аса алмай, оқиғаларды таңдамалы және конъюктуралық тұрғыдан сипаттауға басымдық беріп келгеніміз жасырын емес.

Енді осындай олқылықтардың орнын толтырып, тарихи сананы жаңғыртар сәт туды. Өйткені, бүгінде тәуелсіз Қазақстан экономикасы қуатты, тұрақты даму жолына түскен, өзіндік ұстанымы мен көзқарасын еркін білдіре алатын мемлекетке айналды. Осыны ескерген Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастап беріп отыр.

Стратегиялық сипатқа ие мақала көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдауға шақырады. Яғни, әлемдік өркениетке қосқан үлесіміз бен жаһандық даму үрдісіне тигізген зор септігімізді қайтадан зерделеп, дүниежүзіне жаңаша дәріптеуге үндейді.

Бұл ретте біздің жеңістеріміз бен жетістіктеріміз аз емес. Мәселен, Елбасы айтқандай, тек жылқының қолға үйретілуінің өзі әлемдік дамуға орасан зор әсер етті. Ал енді сол тарихи оқиғаның алтын бастауында қазақ сахарасының тұруы – біз үшін зор мақтаныш.

Металлургия өндірісінің де біздің байтақ даламыздан басталуы, ата-бабаларымыздың алтынды өндіріп қана қоймай, оны тұрмыстың барлық саласында кеңінен қолдануы, әлемдік сауда жүйесінің дамуына тікелей ықпал еткен Ұлы Жібек жолының дәл біздің жерімізден өтуі, Ұлы дала төсінің күллі түркі дүниесінің атажұрты саналуы және қазір біз өмір сүріп отырған қоныстың әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігіне айналған алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» болуы қазақ жазирасының әлемдік өркениетке қаншалықты үлес қосқанын айқын аңғартады.

Демек, біз тарихымызды қайғы-қасіретпен, жаугершілік заманмен және үрейлі жылдармен ғана емес, бүгін өзіміз бір бөлшегі болып отырған әлемнің қалыптасуына, ғылым мен білімнің дамуына, өркениеттің өріс алуына сүбелі үлес қосқан халық екенімізбен байланыстыруымыз қажет.

Мұның барлығы қазақ жерінде өркениетті қалалардың, ғылымның, зиялы ортаның және жоғары мәдениеттің болғанын көрсететін басымдықтар. Дәл біздің даламыздан бастау алған мәдениеттердің игілігін дүние жүзінің әлі күнге дейін көріп отырғанын дәріптеуіміз қажет. Мұндай қадам Ұлы даланың тарихын тым тереңнен бастап, бірнеше мың жылды қамтуды талап етеді.

Мемлекет басшысы осы бағыттағы басымдықтарды айқындап, мақалада нақты қандай жобаларды жүзеге асыру керектігін атап өткен. Олардың әрқайсысы біздің тарихымыздың көз көріп, қол тимеген жаңа парақтарын ашуға және тарихи санамызды жаңғыртуға мол мүмкіндік береді. Ал тарихи сананы жаңғырту – ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашады.

Ең бастысы, біз, Ұлы далада өмір сүріп отырған бүгінгі халық, өзімізді адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан өр тұлғалардың ұрпағы және мәңгілік дамуға тың серпін берген мәдениеттің мұрагері екенімізді сезініп, соны мақтан тұтуымыз керек. Сондықтан Елбасы анықтап берген басымдықтарды іске асыруға мемлекеттік органдармен бірге саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділерінің де бір кісідей атсалысқаны абзал.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары

Новости в Вашем регионе