Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері

Ағымдағы жылдың 28 тамызы күні Шортанды №3 орта мектебінің акт залында аудандық білім беру бөлімі қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті. Қатысушылар назарына "Шортанды ауданындағы білім беру ісі: жетістіктер мен инновациялар" атты педагогикалық көрме ұсынылып, пәндер бойынша секциялық жұмыстар жүргізілді.

Дәстүрлі тамыз кеңесіне аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова, облыстық білім беру басқармасының өкілі Әсет Дүйсембаев, "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахмедия Қожамсейітов қатысты. Кеңес жұмысына мемлекеттік бөлімдер мен аудандық қызмет басшылары, аудан мектептерінің педагогикалық ұжымдары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шақырылды.

Кеңес «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбы бойынша өтіп, пленарлық отырыс аудандық білім беру бөлімінің бастығы Әділ Қауметовтің баяндамасымен басталды. Негізгі баяндамадан кейін жарыссөздерге Шортанды №3 орта мектебінің директоры Азамат Анесий, Шортанды №2 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ирина Домбровская, "Балдәурен" бала бақшасының меңгерушісі Жаннұр Қаратокова, Шортанды №1 орта мектебінің Қамқоршылық Кеңесінің төрайымы Айсұлу Нұрышева, Дамса орта мектебінің физика және информатика пәнінің мұғалімі Татьяна Воронковалар қатысып, сөз сөйледі.

Кеңесте өткен оқу жылы қорытындыланып, жаңа оқу жылына мектептердің дайындық деңгейі талқыланды. Аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова жыл бойы үздік нәтиже көрсеткен білім беру қызметкерлері мен ұжымдарын марапаттап, алғыс хаттар мен грамоталар табыс етті.

Новости в Вашем регионе