ТЫҢ ІСТЕРГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 6-7 қыркүйегінде жұмыс бабындағы сапармен Қарағанды, Теміртау қалаларында болғаны белгілі. Осы сапар кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы «Достық үйінде» өткен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланған кеңестің жұмысына қатысты. Бұл жиында аймақтың бүгіні мен келешегіне қатысты жайлар кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, облыстың әр өңірінен келген, түрлі салада еңбек ететін жандардың бір шоғырына өз пікірлерімен бөлісуге мүмкіндік берілген еді. Келелі кеңесте Ұлытау-Жезқазған өңірі халқының атынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жезқазған қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының директоры, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Ғазиз ЕШТАНАЕВ сөз алған болатын.

Біз Елбасының алдында сөз сөйлеу құрметіне ие болған Ғазиз жерлесімізге жолығып, алқалы жиында айтқан пікірлері мен көңілге түйген ойлары туралы сұраған едік. Осы бір әсерлі кездесуі жайлы ол былайша еске алады. – Ана мәселені айтайын, ойымды былайша жеткізейін деп іштей бекініп келгенмен, Елбасының алдында сөз сөйлеу оңай емес екен. Шыны керек, қатты толқыдым. Бірақ, соңында жақсы әсерге бөлендім, – деп бастады әңгімесін Ғазиз Елеусізбайұлы. Айтқан сөздерінің ұзын-ырғасын да ұмытпай, сол қалпында есте сақтағаны байқалады.

– «Аса мәртебелі Елбасы! Мен Ұлытау-Жезқазған аймағы жұртшы- лығының ыстық сәлемін ала келіп отырмын, – деп бастадым. Жасыратыны жоқ, кезінде балаларының болашағын ойлап, Жезқазғаннан үлкен қалаларға көшу үдерісі болған. Қазір ол жағдай тоқтады. Өйткені, қолға алынып жатқан игі істерден халық жақсылықтың нышанын тани бастады. Сіздің қамқорлығыңызбен Жезқазған-Бейнеу теміржолы салынып, іске қосылды, Қарағанды-Жезқазған тасжолы жөнделді. Ұлытауда спорт кешені салынды, осындай кешен енді Жезқазғанда салынбақшы. Жезқазғанда дарынды балалар мектебінің құрылысы басталды. Су құбырлары жаңартылып, ауызсудың сапасын арттыруға байланысты шаралар қолға алынуда.

Қанаттас қала Сәтбаевта «Нұрлы мекен» жаңа ықшам ауданы бой көтерді. Мұнда кені алынатын аймақтан көшіріліп жатқан 5 мың адам қоныстанады. Ана бір жылдары мыс зауыты тоқтап қалғанда өңір тұрғындары қобалжи бастаған еді. Бүгінде зауыт қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Қазірде екінші пеші іске қосылды. Еңбек өнімділігі ұлғая түсуде. Осының барлығы халықтың көз алдын- да іске асып отырған ірі де ауқымды жобалар.

Өңір тұрғындарының асыға күтіп отырған бір игілігі Қызылорда-Астана газ магистралының құрылысы болып отыр. Оның Жезқазған арқылы өтуі әсіресе, жер үйлерде от жағып отырған отбасыларына жеңілдік әкелетін кезді көпшілік қуана тосуда.

Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта маңызды тарихи оқиғаларды бастан өткерудеміз. Сіздің Ұлытау төріндегі Әулиебұлақ басындағы сұхбатыңыздан кейінгі басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы айтарлықтай үлкен істерге жол ашуда. Өткен тарихымызды танып, ұлттық құндылықтарымызды бағалап, болашағымызды айқын бағдарлап отырған жайымыз бар. Сіздің туристік кластерді дамыту жөніндегі тапсырмаңыз да өңірге соны серпіліс, жаңаша леп әкелуде. Қазақстанның ки- елі жерлерін атағанда ең әуелі ауызға Ұлытауды алуыңыз қасиетті өңірге ере- кше көңіл бөлінуіне негіз болуда.

Құрметті Елбасы, сіздің тапсырмаңызбен атқарылып жатқан осындай игі істерге Ұлытау-Жезқазған өңірі халқының ризашылығы мен алғысы зор» деп сөзімді аяқтадым.

Осының алдында облыс әкімі Ерлан Қошанов Елбасына Қарағанды аймағының даму жағдайы тура- лы есеп беріп, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» алға қойылған мін-деттердің жүзеге асырылуы жайлы баяндаған болатын. Елбасы облыс әкімдігінің атқарған жұмыстарына оң баға берді. Жаңа тапсырмалар жүктеді. Қазірдің өзінде сол жаңа міндеттерге байланысты жұмыстардың қолға алынып жатқанын көріп отырмыз. Қарағандыны мил- лион тұрғыны бар қала қылу идея- сын естіп қуандық. «Мен Қарағанды қаласы да миллионер қалалардың қатарына қосылғанын қалаймын. Алматы қаласының тұрғындары екі миллионға жетті. Астаналықтардың саны миллионнан асты. Шымкент те миллионер қала атанды. Келесі кезек – Қарағандыда. Бұл үшін өндірістерді да- мытып, тұрғындардың әлеуетін артты- ру керек», – деді Мемлекет басшысы. Болашағымыздың жарқын, көкжиегі кең болатындығының бір мысалы осы-ау деген сенімді серпінмен әсерлі кездесуден қанаттанып қайттым.

Новости в Вашем регионе