ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨЛ ӘЛІПБИІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиінің жаңа редакциясы туралы Жарлыққа қол қойды. Бұрынғыға қарағанда жөні түзу, жұртшылықтың көңілінен шығып жатқан бұл алфавитке халықтың көзі үйреніп кетері анық. Шын мәнінде бұл Қазақстан азаматтарының талап-тілегін ескере отырып, жасалған тарихи мәні зор оқиға. Осыған байланысты республикамыздың түкпір-түкпіріндегі ғалым-мамандар мен зиялы қауым өкілдері жаңа латын әліпбиіне қатысты өз пікірлерін білдіріп жатыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиінің жаңа редакциясы туралы Жарлыққа қол қойды. Бұрынғыға қарағанда жөні түзу, жұртшылықтың көңілінен шығып жатқан бұл алфавитке халықтың көзі үйреніп кетері анық. Шын мәнінде бұл Қазақстан азаматтарының талап-тілегін ескере отырып, жасалған тарихи мәні зор оқиға. Осыған байланысты республикамыздың түкпір-түкпіріндегі ғалым-мамандар мен зиялы қауым өкілдері жаңа латын әліпбиіне қатысты өз пікірлерін білдіріп жатыр.

Жаңа әліпбидің жаңа нұсқасына қатысты С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, философия ғылымдар кандидаты Г.Ахметова

Елбасының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру» туралы Жарлығына қатысты өз көз­қарасын айтты.

– Елбасының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру» туралы Жарлығы еліміздің жаңа дәуірге аяқ басуға бағдар берген маңызды тарихи қадам болып табылады. Жазба мен тілдің жаңғыртылуы біз үшін маңызды қадам. Ол тарихи, экономикалық және саяси өзгерістер арқылы өлшенеді.

Бүгінде латын әліпбиіне оралудың артықшылығын дәлелдеп айтудың қажеті жоқ. Латын графикасына көшу – Қазақстанның ғылым-білім мен ақпараттың жаһандық жүйесіне табысты енуге сеп болып, жаңа технологиялар мен заманауи зерттеулерге жол ашады деген сөз.

Тәжірибе жүзін алып қарасақ, жаңа әліпби қарапайым әрі түсінікті (32 әріп), сондай-ақ, тағы бір маңызды тұсы ол – ойға оңай қонады. Екіншіден, ақпараттық кеңістіктегі латын графикасының басымдылығы зор екені белгілі. Бүгінгі заман­да әлемдегі ақпараттың 90 пайызы осы жүйе негізінде таратылады, сол се­бепті оны қолдану ақпараттық шекараны кеңейте түспек.

Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу түрік халықтарының бірігуі мен түрік халықтарының тілдік бірлігін кеңейтеді. Қазіргі таңда Орталық Азиядағы көптеген мемлекеттер латын әліпбиін пайдаланады, яғни, тілдік реформа бауырлас елдермен мәдени, экономикалық және саяси байланыстарды нығайта түседі. Төртіншіден, графика мен жазба ере­же­лері тіліміздің ерекшеліктеріне қарай жүзеге асырылады, сонымен қатар, қазақ тілінің үндестік заңына сай кел­тіруге мүмкіндік бар. Жаңа әліпбиде кириллица енгізілгенге дейін қолданыста болмаған әріптер мен дыбыстар алынып тасталады. Тілдік реформа еліміздің дамуына оң септігін тигізетін үрдіс болады, – дейді С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Г.Ахметова.

Орталық коммуникациялар қызметінде  өткен баспасөз мәслихатында Ғарифолла Есім жаңа әліпбиге қатысты құрылған Ұлттық комиссия өз жұмысын ары қарай жалғастыратынын мәлімдеді.

– Жарлық болғаннан кейін ол енді орындалуы керек. Керісінше комиссияның жұмысы енді қарқын алады. Осыған орай Үкіметтің алға қойған, жасаған жұмыс жоспарлары бар. Енді сол бойынша олар кездесулер, түрлі жиындар жүргізетініне мен сенімдімін, – дейді Ғарифолла Есім.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те бұл процестің алдағы уақытта  ары қарай жандана түсетініне сенім білдірді.

– Өйткені бұл жұмыс өте  маңызды,  латын әліпбиіне көшуге қатысты  Ұлттық комиссия құрылды. Оны Премьер-министрдің өзі басқарады. Мұны негізгі жүзеге асыратын орган ол – Мәдениет және спорт министрлігі. Қазір Шаяхметов орталығын ірілендіріп, оны күшейтіп, соған көп міндет жүктелейін деп отыр. Осыған орай арнайы төрт топ құрылады. Оны үш министрлік басқарады. Мәдениет және спорт министрлігі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, екі комиссияға Білім және ғылым министрлігі жетекшілік  болады.  Алдымен қазақ тіліне негізделген латын әліпбиі Парламенттің төрінде талқыланды. Оны жұрт қолдады. Көп болып ақылдасқан істің түбі қашан да баянды болады. Бұрынғы жасалған латын әліпбиінің көптеген кемшілігі болған еді. Халық оны демократиялық үрдіспен кеңінен талқылады. Оның жемісті нәтижесін көріп отырмыз, – деді мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек халықтың пікірін ескере отырып жасалған латын әліпбиінің әлі де жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізді. Мемлекет басшысының басты ұстанымы демократиялық бағыт, яғни халықтың пікірін ескеру екенін айта кеткен жөн. Латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілген күннен бастап, жұртшылық тарапынан қызу талқыға түсті. Халық өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшудегі негізгі мақсат – халық көңілінен шығатын, қиындық туғызбайтын жаңа әліпби жасау екенін айтты. Осы тұрғыдан келетін болсақ, латын әліпбиін жасаудағы өзгерістер халыққа ыңғайлы әліпби жасауды мақсат етеді. Өзге елдермен салыстырғанда, бізде әр жаңалық халыққа БАҚ, сауалнамалар арқылы талқыға ұсынылып, бұқараның пікірі жинақталады. Жиналған мәліметтен қорытынды шығарылады. Бұл – демократиялық дамудың жарқын көрінісі. Өткен жылы Елбасының латынға көшу туралы Жарлығы шыққан соң, Үкімет жанына латынға байланысты Ұлттық комиссия құрылды. Комиссия Ақорданың тапсырмасы бойынша, мектеп оқушылары, студенттер, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер және жалпы бұқараны қамтып сауалнамалар жасап, зерттеулер, мониторинг жүргізді.

БАҚ құралдары бекітілген латын қарпімен мәтіндер жариялауды бастады. Бұған жауап ретінде халық та түрлі көзқарасын білдірді. Мұның барлығы жинақталып, қорытылып отырды. Нәтижесінде, дәйекшені алу жөнінде шешім шығарылып, өзгерістер енгізілді. Бұл демократиялық принцип ендігі келесі қолға алынатын кезең – қазақ тілінің грамматикасы мен емлесін қалыптастыруда да сақталмақ. Өңірлерде көшпелі отырыстар жасап, ақылдасу, әліпбиді жетілдіру жұмыстары жалғасын табады, – дейді Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек.

Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Оразгүл Асанғазы да қазіргі уақытта төл әліпбиге қатысты жұмыстар жалғасатынын айтты.

– Елбасының Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның өз төл әліпбиі бекіді. Ендігі мақсатымыз – латын әліпбиін қолдануды үйрену. Қазақстан халқының барлығы латын әліпбиіне өтуді қолдады. Екіншіден, халықтан латын әліпбиіне қатысты көп нұсқа келіп түсті. Оның өзі елдің бұл жобаны қолдап отырғанын аңғартады. Халықтың айтқан ұсыныстары, пікірлері ескеріліп, соның негізінде ең ыңғайлы нұсқа дайындады. Қазақ тіліне негізделген латын әліпбиін жасау үшін Елбасының Жарлығымен Премьер-министр бастаған 4 комиссия тұрақты жұмыс істеп жатыр, – деді Оразгүл Асанғазы.

Расында да алдағы  уақытта үкімет жанынан құрылған арнайы комиссияны қыруар жұмыс күтіп тұр. Үш министрлік те енді Елбасы Жарлығына байланысты жұмысты жандандыруға ниетті. Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына байланысты бірқатар жобалар жүзеге асырыла бастайтынын атап өтті.

– Біріншіден, Үкімет жанынан латын графикасын қазақ тіліне ендіру жөніндегі жұмыс тобы құрылады. Екіншіден, сол графиканың емле-ережелерін жасайтын орфографиялық-лингвистикалық комиссияны  құру. Латын әліпбиінің негізінде жаңа Орфографиялық ережелерді және қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздіктері әзірленеді. Латын әліпбиінің негізінде «Қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігі» әзірленіп, шығарылады. Үшіншіден, барлық нормативтік-құқықтық база ретке келтірілуі қажет. Содан соң оқу-әдістемелік, көркем және басқа да қажетті әдебиеттерді дайындау және оларды халыққа тарату, ғылыми-әдістемелік жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар әліпбиді қоғамдық орындарда және өңірлерде насихаттау жұмыстары қолға алынып, БАҚ саласында бірқатар жұмыстар атқарылуы тиіс. Жарнамалық жұмыстарды жандандыру керек. Арнайы портал және мәтіндерді латын графикасына  автоматты түрде көшіретін конвертер әзірлеп іске қосылады, – деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Елімізде латын әліпбиіне өту үш кезең бойынша жүзеге асырылады.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «сынақ ретінде нөлінші және бірінші сыныптарға латын қарпін үйрету басталатынын жеткізді. Содан кейін әр сынып кезең-кезеңімен латын әліпбиін меңгеруге көшпек.  Білім министрі  40-50-дей мектепті таңдап, апробация жасап, оған бір жыл уақыт беру керек. Бір жыл ішінде мұғалімдермен, балалармен, студенттермен талқылап, қиындықтар болса, республикалық коммисияға нақты ұсыныс ретінде енгізуге болады» деп отыр.
Ақпарат және коммуникация министрі  Дәурен Абаев та жаңа әліпби заман талабына сай екенін әрі бұрынғысынан да ыңғайлырақ екенін айтты.

– Әліпбидің жаңа нұсқасы онша талқыланбады деген мәлімдемемен келіспеймін. Өйткені осы жолы ұлттық комиссия аясында бес-алты топтың ішінде үлкен жұмыс атқарылды. Мәселен, өзім теxникалық топты басқардым. Сол кезде латын әліпбиінің апострофпен енгізу мәселесін жан-жақты қарастырдық, талқыладық, оның айналасындағы қиындықтарды байқап, осы мәселені қозғадық. Елбасы мамандардың айтқанын тыңдап, жаңа нұсқаны қабылдады. Бұл өте дұрыс шешім болды. Сондықтан латынның жаңа нұсқасы қолдану жағынан тиімді. Сосын бір мәселені ескеру керек, латын әліпбиінің мінсіз нұсқасы жоқ. Оны бәріміз жақсы білеміз. Меніңше, қазіргі нұсқа орынды әрі заман талабына сай келеді. Онда ғалым-лингвистердің пікірі ғана емес, IT мамандардың кеңестері те ескерілді, –деді министр Дәурен Абаев.

Міне, сең қозғалды, халықтың көптеген талаптары ескерілді. Енді латын әліпбиіне қатысты жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Демек, бұл тарихи таңдау екенін ұмытпауымыз қажет.

Батыр ЖАСҰЛАН

Новости в Вашем регионе