Судың да сұрауы бар...

Соңғы уақытта Шортанды кентінде ауыз су беру жиі тоқтап қалып тұрғындардың наразылығын тудыруда. Әлеуметтік желілерде тұрғындар бірінен бірі су барын-жоқтығын сұрасып, жауапты мекемелер тарапына сұрау салу жиілеген еді. Редакцияға да қоңырау шалып, судың жиі берілмеуінің себебін анықтап білгісі келетіндер де баршылық. Осыған орай біз аудандық тұрғын үй-коммуанлдық шаруашылығы және автомобильдер жолдары бөліміне хабарласып, мән-жайды анықтадық.

Сонымен, аудандық тұрғын үй-коммуанлдық шаруашылығы және автомобильдер жолдары бөлімі мекемесінің ақпаратына сүйенсек, Шортанды кенті бойынша жалпы 3 мың абоненттік нүкте бар. Осы абоненттік нүктелердің 30 пайызы ескі шойын құбырлы орталық сумен жабдықтау желісіне қосылған. Аталмыш желі үздіксіз пайдалану салдарынан бүгінгі күні тозығы жетіп, апаттық жағдайда тұр.

Міне, бар гәп осы шойын құбырлардың ескіруіне байланысты болып отыр. Әбден іріп-шіріген құбырлардың жарылуы кентке берілетін суды жиі тоқтатуға әкеледі. Тек наурыз айының өзінде Шишляников, Лермонтов пен Киев атындағы көшелердегі ескі су беру құбырлары 8 рет істен шықты. Осыған орай алдағы уақытта осы ескі су беру желілері арқылы су берілмейтін болады. Сондықтан да коммуналдық шаруашылық әлеуметтік желіде, аудандық газеттерде ескі су беру құбырлары желісі арқылы су алатын тұрғындардың жаңа су беру желісіне қосылуын өтінген хабарламасын жариялаған еді. Бұл жөнінде өткен 2018 жылдың жаз айында жаңа су беру желісі іске қосылған кезде де ескертілген.

Сонымен бірге жыл сайын көктем уақытында бірінші су тарту станциясында су жетіспеушілігі туындайды. Бұл жер асты суының дебеті азайып, су қоймасындағы судың азаюуына әкеледі. Сондықтан да тұрғындарға берілетін судың көлемі де кемиді. Осыған орай жуықта арнайы мамандандырылған геологтар бригадасы келіп, үш станцияда шайып-тазарту жұмыстарын жүргізді.

Кентте ауыз су жетіспеушілігі бұрыннан бері жалғасқан үлкен проблема. Оның әртүрлі себептері болды. Өткен жылдары осы мәселені шешу үшін кентте жаңа су беру құбырлары ауыстырылып, жаңа желі пайдаға берілген еді. Десе де, ауыз сумен тоқтаусыз, толық қамтамасыз етуге жер асты су қорынын аздығы, ескі су беру желісіндегі құбырлардың жарылуы, су пайдаланушы тұрғындар санының артуы, суды үнемсіз ысырапсыз пайдалану сынды себептер кедергі келтіруде. Осы орайда бұл жағдайға тұрғындардың түсіністікпен қарап, Шортанды аумағында жерасты суы қорының аздығына байланысты алдағы уақыттарда суды үнемді пайдаланса екен дейміз. Сонымен қатар кейбір тұрғындар орталық су беру желісіне сәйкеспейтін қажетті құжаттарсыз, арнайы талаптарды сақтамай өздігінен қосылған. Бұл да үлкен мәселе тудыруда дейді, - аудандық тұрғын үй-коммуанлдық шаруашылығы және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Әсет Қашықов.

Новости в Вашем регионе