Шынайы шаттыққа бөлеген күн

Бұл атаулы дата жөніндегі шешім 1949 жылы Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған. Біріккен Ұлттар Ұйымы игі  бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметіндегі басым бағыттың біріне айналдырды. Міне, содан бері әлем елдері бұл даталы күнді басты мерекелердің бірі ретінде тойлап келеді. 
 

Аталмыш мереке Шортанды кентінің орталық алаңында 1 маусым күні  500-ден астам балаларды қамтыған концерттік, ойын-сауық, шығармашылық және спорттық алаңдарға бөлінген іс-шаралар түрінде өткізілді. 
Кенттегі орталық Абылай хан көшесі бойымен салтанатты шеп құрып, алаңға келген балғындар шеруі мерекенің бастауы болды. 
Мерекелік бағдарламаның құрметті қонағы болып «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымы республикалық одағының президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстанның балалар және пионерлер ұйымы одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің кавалері Елена Александровна Дмитриенко қатысып, шортандандылық балғындарды құттықтады. Елена Александровна бірқатар мектеп тәлімгерлерін белсенді азаматтық ұстанымдары мен балалардың тәрбиесіне қосқан зор үлесі үшін марапаттады. Аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымы республикалық одағының президенті  Елена Александровнаға шортандылық балғындар атынан алғыс білдірді. 
Алтын күні жарқыраған көгілдір көктен төгілген жаздың алғашқы мейірімі мен балғындардың шат күлкісі мен қуанышы үндестік тапқандай. Алаңдағы сахнада балғындардың бір бөлігі шырқата ән салып, мың бұрала би билесе, екінші шетте ойын алаңында тағы бір тобы асыр салып ойын жүрді. Асфальтқа балғындар өз қиялындағы түрлі суретті салып, спорттық жарыстарда сайысқа түсті.
Бейбіт күннің бесігінде тербелген балғындардың осынау мерекені жыл сайын асыға күтетінін салтанатты шараға жиналған балалардың жүзінен аңғарасың. Ниеті ақ, жүрегі адал балаларымыздың қуанышты күлкісі тиылмасын!

Новости в Вашем регионе