Сәт сапар, жас түлек!

15 маусым күні аудан әкімі Г.Ә.Сәдуақасова Шортанды №3 қазақ орта мектебінің акт залында биыл Шортанды кентінде мектеп бітіріп, алтын ұяларынан ұшқалы отырған түлектердің салтанатты кешіне қатысып, еліміздің болашағы – жастарымызға құттықтау сөз сөйлеп, ақ жол тіледі.

Алтын ұя мектептеріне тарыдай болып келіп, таудай болып шыққан Шортанды №2, 3 орта мектептерінің түлектері мен олардың ата-аналары, ұстаздары жиналған осы салтанатты кеш еліміздің Әнұранымен басталды. Салтанатты жиында Гүлнұр Әнуарбекқызы түлектерді құттықтап, олардың Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейлі мерекесін өткізу жылында мектепті аяқтап отырғанын айтып, үлкен өмірге жолдама алғалы отырған түлектерге ақ жол тіледі. 11 жыл бойы үздік оқып, мемлекеттік емтихандарын үздік тапсырған 11 түлекке "Алтын белгі" үздік белгілерін және олардың ата-аналарына Алғыс хат тапсырды. Биылғы жылы 11 жыл бойы білім алу жолында аянбай еңбек етіп «Алтын белгі» үздік белгілерімен бітірушілер Шортанды № 3 орта мектебінің түлегі - Талас Балнұр, Шортанды №2 орта мектебінің түлектері - Гавриш Виктория, Землянко Марина, Соседко Анна, Чихирникова Мария, Степной орта мектебнің түлектері - Сүлейменова Нұргүл, Айғанатов Төлеген, Дамса орта мектебінің түлегі - Сорокина Марина, Бектау орта мектебінің түлегі - Шайзанды Шуақ, Бозайғыр орта мектебінің түлегі - Орынбекова Айнаш, Пригородное орта мектебінің түлегі - Ляшенко Ольга.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ә.М.Қауметов №3 Шортанды орта мектебінің түлектеріне және "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ш.Қожамсейітов №2 Шортанды орта мектебінің түлектеріне өмірлеріндегі маңызды құжат - аттестаттарын тапсырды. Алтын ұя мектептерінен ұшып, үлкен өмірге аттанғалы отырған түлектердің салтанатты кешінде түлектер атынан құттықтау сөз Землянко Марина мен Айғанатов Төлегенге беріліп, олар 11 жыл бойы өздерін білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеу жолында еңбек еткен ұстаздар ұжымына алғыстарын айтты. Мектеп бітіруші түлектердің ұстаздары атынан Оңалбекова Айгүл Әлиасқарқызы сөз алып, болашақ мамандық иелеріне дүниенің кірпіші болып қаланып, өмірден өз жолдарын табуларына тілек білдірді. Ал, ата-аналар атынан Задворных Светлана Владимировна сөз сөйлеп, ұстаздар қауымына алғысын білдірді. Салтанатты кеште мектеп бітіруші түлектер дәстүрлі қоштасу вальсін биледі.

Салтанатты шара соңында түлектер мен ата-аналар, жалпы шараға жиналған көпшілік естелік сурет түсті. Мұнан кейін мектеп бітірушілер кеші мектептерде жалғасын тапты.

Үлкен өмірге жолдама алып, болашаққа қанат қаққалы отырған түлектердің қалаған мамандық иесі атанып, қоғамымыздан лайықты орындарын табатындарына зор сенім білдіреміз.

Новости в Вашем регионе