«САРЫАРҚА» МАГИСТРАЛІ ЖАЙЛЫ ТҰРМЫСТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Үйіңізге газ кіргені – жаз кіргенімен бірдей дүние. Қазіргі өркениеттің бесігі саналатын Еуропа елдері өздерінде газ болмаса да неге газ тұтынуға әуес? Себебі көгілдір отынның рақатын басқалардан бұрын аңғарып, тұрмысқа енгізіп үлгерген. Бұл рақаттан бас тарту оңай емес. Сондықтан газ мәселесі – еуропалық елдердің стратегиялық мәселелерінің бірі.

Еліміз газға кенде емес. Ресми мәліметке сү­йенсек, газ қоры бойынша Қа­зақ­стан әлемде 22-орынға, ал ТМД елдерінің ішінде 3-орын­ға ие. Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі газ өндіру көлемі жы­лына 8 млрд текше метр­ден 52 млрд текше метрге дейін, яғ­ни 6,5 есе артты. Осыған орай ел Үкіметі 2014 жылы Қазақстанды газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған негізгі тізбесін бекітті. Газды ішкі нарықта тұтыну 1,5 есеге (1991 жылы 9 млрд текше метрден, 2017 жылы 13,8 млрд текше метрге дейін) өсті. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда ел тұрғындарының шамамен 50 пайызға жуығы газбен қам-тамасыз етілген. Әрине бұл көрсеткішті 80-90 пайызға дейін, тіпті 100 пайызға дейін де жеткізуге болады. Алайда 20 шақты Еуропа елі сыйып кете алатын алып аумақта газ инфрақұрылымдарын тарту мәселесі қинайды. Ал оның өзіндік құны арзан емес. Дегенмен бұл мәселе де шешімін табуда. Мәселен, осы уақытқа дейін Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры салынды. Ауқымы бойынша бірегей саналатын бұл жоба Елбасының тікелей тапсырмасымен және Қытай Халық Республикасы төрағасымен уағдаластығы негізінде салынғаны белгілі. Оның іске қосылуы еліміздің мұнай мен газға бай батыс өңірінен халқы мол оңтүстік өңіріне отандық газды жеткізуді қамтамасыз етті.

Еліміздің оңтүстігін импортқа тәуелділіктен құтқарып, халықты осы отын түрімен молынан қамту мүмкіндігін берді. Екіншіден, Қытайға көгілдір отынды экспорттауға жол ашты.

Тағы бір жүзеге асқан үлкен жоба – «Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» халықаралық газ құбыры. Қазіргі кезде осы құбыр арқылы Орталық Азияның газы Қытайға экспортталуда. Қазақстан газының Қытай рыногына жеткізілуі 2017 жылғы қазан айында бас­талды.

- Энергия ресурстарының өңірлік тран­зитіндегі Қазақстанның рөлі артып келеді. Ағымдағы жылы «Қазақ­стан–Қытай» газ құбырының екі компрессор­лық стансасы пайдалануға берілді. Нәти­жесінде, аталған трансұлттық газ құбырының өткізу қабілеті 5 млрд текше метрге артып, жылына 55 млрд текше метрге жетті. Бүгінге дейін осы бағытқа шамамен 6,1 млрд текше метр газ экспортталды. Келесі жылдан бас­тап қазақстандық газдың экспортын жылына 10 млрд текше метрге дейін ұлғайту туралы келісімшартқа қол қойылды, - дейді Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Енді елімізде маңызы осыдан кем емес үшінші ауқымды жоба қолға алынды. Бұл – «Сарыарқа» газ құбырын салу жобасы. Ұзындығы 1081 шақырым­ды құрайтын «Қызылорда – Жезқаз­ған – Қарағанды – Астана» бағыты бо­йынша магистральді газ құбырын салу – жобаның бірінші кезеңі. Екінші кезеңде магистральді газ құбыры Астана­дан Көкшетауға дейін, ал үшін­ші кезеңде әрі қарай Петропавлға дейін жеткізілмек. Төртінші кезеңде «Жезқазған» және «Теміртау» компрес­сорлық стансаларының құрылысы қарастырылған.

«Сарыарқа» магистральдық газ құбыры трассасының бойындағы 171 елді мекен, оның ішінде Астана қаласының аумағы мен Қарағанды облысында – 119 елді мекен, Ақмола облысында – 51 елді мекен табиғи газбен кезең-кезеңмен қамтамасыз етіледі.

- Елімізде 17 өңірдің 11-і таби­ғи газбен қам­тылған. Қазіргі кезде «Қызылор­да – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құры­лыс­ын іске асыру жұмыстары жүр­гі­зіліп жатыр. Магистральдық газ құбыры трассасының бойында инфра­құрылым және табиғи газды пайдаланатын жаңа өндірістер қалыптасады. Құрылыс кезеңінде 1 690 жұмыс орны, ал пайдалану кезеңінде шамамен 200 жұмыс орны пайда болады, - деді бұл мәселе жайында М.Мырзағалиев.

Вице-министр атап өткендей, бүгін­гі таңда елімізде газдандыру дең­гейі 47,38 пайызды немесе 8,5 млн тұрғынды қамтып отыр. Ағым­дағы жылы мемлекет тарапынан газ­дан­дыруға 18,4 млрд теңге, ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан 1,5 млрд теңге бөлінді. 2018 жыл­дың қо­ры­тындысы бойынша, кө­гілдір отын­ға қол жеткізген тұр­ғын­дар саны 129 мыңға артады деп күтілуде.

«Сарыарқа» магистральдық газ құ­бы­ры трассасының бойындағы өңір­лер­де, яғни, Жезқазған, Қарағанды, Темір­тау, Астана қалаларында көмір­ден газға көшу арқылы экологиялық жағдай жақ­сар­­а­ды. Алдын ала баға­лауға сәй­кес, 2030 жыл­ға қарай атмо­сфераға лас­тау­­­шы зат­тар шығарын­дыларының дең­­г­ейі жы­лына 60-70 мың тоннаға төмендемек.

Жобаның жобалау-сметалық құжат­тамасы әзірленіп, сараптамалық оң қорытынды алынған болатын. Ал жобаны іске асыру мақсатында «АстанаГаз» ҚМГ» акционерлік қоғамы жоба компаниясы ретінде белгіленді.

Энергетика вице-министрінің айтуын­­ша, Қызылордадан Астана ба­ғы­­тын­да газ құбырларын тарту ісі бас­тау ал­ған кезде Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана қалаларында жеткізі­летін газды тұтынушыларға тарату желі­лерін салу ісі де қатар қолға алын­бақ. Бұл Арқадағы қалың елді газбен қамту ісін жеделдетеді. Дегенмен жұмыс ауқымды болғандықтан бұл Астана қаласының өзінде алдағы бес жылды қамтымақ. Астанаға салынатын орталық магистраль арқылы келіп түскен газ бірінші кезекте жылу энергия орталықтары мен жылу қазан­дық­тары секілді ірі тұтынушы кәсіпорын­дарға беріледі. Мұның өзі қаланың эколо­гиялық проблемасын сейілтуге жәр­демдеседі. Келесі кезекте әуелі Көктал кентіне, содан кейін қаланың оңтүстік-шығыс ауданының халқына беріледі деп жоспарланып отыр.

«Әлі тумаған сиырдың уызын сөз қылғандай» жеке секторда тұра­тын Астана халқын толғанды­рып жүр­ген үлкен мәселе − әлі келіп үл­гер­­меген газдың бағасына қатысты. Баға тұтыну­шы халықтың қолайына жаға ма? Әлде, газ құбырын салуға жүздеген миллиард теңгенің қаржы­сы жұмсалып, мыңдаған шақырым­дық қашықтықтан жеткізілетіндіктен жұмсалған шығынға сәйкес қымбаттай түсе ме?

Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, халыққа сатылатын газдың болжамды бағасы анықталуда. Қазіргі есептеулер газдың 1 текше метрінің бағасы 47,5 теңгеден болатындығын көр­се­тіп отыр. Бұл, әрине көмірдің бағасы­на қарағанда қымбаттау. Бірақ тұтынушылардың бағаға сәйкес жұм­сайтын қаржы шығындары газды пайдалану арқылы тұрмыста пайда болатын жайлылық арқылы өтеледі. Әрине газ бағасын белгілеуде оны тасымалдауға жұмсалатын шығындар да есептелетіндігі анық. Мәселен, Шымкент, Алматы қалалары, Жамбыл облысы секілді оңтүстік өңірде құбыр арқылы жеткізілген 1 текше метр газдың бағасы халыққа 35-37 теңгеден саудалануда. Ал «Сарыарқа» магистралінің газы одан қымбаттау болатын түрі бар. Бірақ еліміздің орталығы мен сол­түстік өңіріне көгілдір отын жеткі­зе­тін «Сарыарқа» газ құбырын әлеумет­тік жоба деп айтуға әбден болады. Өйткені бұл құбыр экономикалық пайда табу мақсатын көздемейді. Бұл жұм­салатын шығындарының молды­ғына қарамастан, Елбасы тапсырмасына сәйкес осы өңір халқының жайлы тұрмысқа қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатымен салынбақ. Мәселен, алдын ала есептеулер бойынша «Сарыарқа» газ құбыры арқылы келетін газды пайдалануға жеке коттедж иесі қыс­тың әр айында орта есеппен 25 мың теңге жұмсайтын болса, жаз айында бұл шығын 5,5 мың теңгеге дейін төмен­дейді. Сонда орта есеппен бір жылдың әр айында әрі кеткенде 15 мың теңге жұмсалатын болады. Жайлы өмір үшін бұл қымбат баға емес.

Иә, құрылысы әне-міне бастау ала­тын «Сарыарқа» газ құбыры ел тәуелсіздігінің іргелі жобаларының бірі болатындығы анық.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ

«Егемен Қазақстан»

Новости в Вашем регионе