СӘКЕН МАЙҒАЗИЕВ: Өткен тарих, асыл дін, ұлылар даналығы – нағыз тәрбие құралы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, танымал әнші Сәкен Майғазиев студенттерге қоғамдық дәріс жүргізді.

Жастардың бойына ұлттық өнер мен құндылықтарды сіңірту, ұлттық мінез бен болмысты қалыптастыру үшін әлемді шарлап, дүниені кезудің әсте қажеті жоқ. Өйткені ол – отбасында тәрбие, айналаңда іс-әрекет арқылы дариды. Бүгінгі қоғамда осы бастан арзан атаққа, мол байлыққа құмартып, таяз ойлап, оңай жолмен олжаға қол жеткізуді көздеген жастар болашағының бұлыңғыр боларын білмейді де.

– Адамның міндетті түрде пір тұтатын тұлғасы болуы керек. Өмірде менің идeалым – Дінмұхамед Қонаев және әкем, – деген Сәкен Майғазиев: «Әкеміз бізге бөтен үйдің ала жібін аттамауды, жаман әдеттерден аулақ болуды, адалдыққа үйретпеді, керісінше қайырымды істерімен өнегесін көрсетті. Тұрмағанбет Ізтілеуовше, төрден орын алам десең, мінезіңді түзеу шарт. Адамда байлық болуы мүмкін, ол уақыт өте таусылады. Ал, білім ешқашан ортаймайды. Кез келген биікке ұмтылған жақсы, бірақ еңбекпен, өз күшіңмен бағындырған құнды болмақ».

Қазіргі таңда әлеуметтік желі мәдениеті шетке ысырылып, еркін жариялым белең алып келеді. Елдегі бірлік пен ынтымақ, бауырмалдық пен сыйластықты дәріптеу мақсаты ұмытылып, арнасын жоғалтты. Көгілдір экрандағы қазақ менталитетінен алыс бағдарламалар мен арзанқол дүниелер ұрпақ санасына сіңді. Жастарды түзу жолға салатын – бабадан қалған салт-дәстүрі, өткенін бейнелейтін тарихы, асыл діні, ұлылар даналығы нағыз тәрбие құралы. – Адам болам деген тұлға, алдымен адал достарын, сенімді ортасын сайлап алсын, – дейді өнер иесі Сәкен Қордабайұлы. Парасат-пайымы мен білім күшіне сенген жастардың бүгінгі беталысы қараңғыдан жол тауып, жақсыдан ой түйіп, інжу-маржанын терсе игі.

Новости в Вашем регионе