Рухты жанның – рухани әлемі

БҚО мәдениет басқармасының қолдауымен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер» жобасы аясында қоғам белсендісі, жомарт жүректі кәсіпкер Біржан Қожақов жерлестерімен жүздесіп, әсерлі әңгіме өрбіді.

Қадыр орталығының фойесінде жасақталған көрме кеш қонағының жылдар бойғы өмірдің қиын да қатпарлы жолынан сүрінбей өткенін аңғартады. Сөрелерден орын тепкен Елбасының, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, облыс басшысы атынан табысталған Алғыс хаттар берекелі істің өтеуі дерсіз.

Киелі Жұбан туған топырақта дүние есігін ашып, ақжайықтық ағайынның алғысын арқалаған жан еңбекқорлығымен әлі де еліне үн қосуда. Әдеттегі мәдени шарадан өзге сипат алған кездесуге Біржан Морякұлының ет жақын адамдары, достары мен отбасы жылы лебізін арнады. Шараның салтанатын ашқан Қадыр орталығы директорының орынбасары Нұржан Тасболатов облыстық мәдениет басқармасы басшысының Алғыс хатын ұсынса, балалары білім алып жатқан №46 мектеп ұжымы да жақсылық жанашырына құрмет көрсетуді жөн санапты.

«Шапағат» медалінің иегері, «Мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби демеу» әлеуметтік жобасының авторы, «Ғибадат» ЖШС-ның директоры Біржан Қожақовтың адами, іскерлік қабілеті көпке үлгі. Табысты кәсіпкердің кәсіби әлемі мен қоғамның әлжуаз топтарына деген ерекше ықыласын жеткізгіміз келеді.

Адамның кісілік келбеті, қоғам мүшелеріне деген қамқорлығы өнегелі істерімен өлшеніп, халықтың зор ілтипатымен бағаланып жатады.

Батысқазақстандық Біржан Қожақов – өңіріміздегі рухты азаматтардың бірі. Қаршадайынан ойын баласы балалық шақтың дәуренін сезінбей, еңбекке араласқан жанды өмірдің тосыны ерте шыңдалтты. Тағдыр жазуымен бетпе-бет келген кесапат жол сақшысы қызметін орта жолдан үзсе де мойыған емес. Қарапайым жол полициясы қызметкерінен мүмкіндігі шектеулі жанға айналған Біржан Морякұлының жеке бизнесіне алғашқы қадамды жасауға туған бауыры себепші болды.

– Елімнің елеулісі атану – халықтың қолдауымен, аяулы анамның ақ пейілінен. Еңбекті сүю, адалдық, қайраттылық отбасында қалыптасады, – дейді өткен күнді еске алған кейіпкеріміз. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі науқас балаларға жасалған қайырымды істерде мүмкіндігі шектеулі жандардың маңдай тер еңбегі, ананың тілегі жатыр.

Қызмет жолы он жылға жуықтаған «Ғибадат» ЖШС – ұлттық нақыштағы жиһаздар өндірісін дамытып, сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндерге арналған тегін құрал жасаумен танымал. Жиһаз жасауды қызығушылықтан бастаған шебер кейіннен үлкен кәсіпке айналдырып, тағдырластарын еңбекке тартты. 30-ға жуық жұмысшының 20-дан астамын мүмкіндігі шектеулі жандар құрайды. Ағаш ұсталарының шеберлігіне байланысты болса керек, сапалы өнімге жыл сайын сұраныс көп.

Елімізде Біржан Қожақовтың демеушілігімен 200-ден астам сал ауруына шалдыққан балалар вертикализатормен қамтылды, әлі де 150-ге жуық бүлдіршін арнайы құралға зәру. Алғаш ДЦП дерті бар балалардың құрылғыларын жасап шығару идеясы науқас баламен жүздескеннен соң туындаған. Бұл жөнінде кәсіпкер: «Астана қаласында әлеуметтік жобалар бойынша өткен кездесуден сал ауруына шалдыққан бүлдіршіннің қиын жағдайын көріп, сапардан кейін бірден бекіндім. Ресей, Германия, Түркия мемлекеттерінен әкелінетін өнімге қарапайым отбасының қалтасы көтермейді. Сондықтан отандық, қолжетімді құрылғы қажеттілігін «Шапағат» медициналық әлеуметтік мекемесімен ақылдасып, рамазан айында емдеу орындарына тегін таратылды. Кәсіпкерліктің жандануында облыс басшысы Алтай Көлгіновтің қолдауы бар» дегенді айтады.

Арбаға таңылса да, еңбекпен қоғамға пайдасын тигізіп отырған Біржан Қожақовтың ел игілігі жолында кәдеге асырар жоспарлары таусылмақ емес. Ескі жиһаздарды жөндей жүріп, болашақ кәсібінің негізін қалыптастырған еңбек адамы келешекте мүмкіндігі шектеулі нәзік жандыларға арналған жұмыс орындарын ашуды көздейді. Кембағал жанның жайын, мұқтаждығын он екі мүшесі сау адам түсіне қоюы екі талай.

Біржан Морякұлы өткен жылы өңір басшысының қолынан алған «Шапағат» медалін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жерлестеріне жасалған қайырымды істеріне алғысы деп қабылдайды. «

БҚО мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жұмажан Қожжановқа «Ғибадат» ЖШС-ның жұмысы көз алдында өрге басып келеді. Өйткені Біржан Қожақовтың алғаш кәсіппен айналысу идеясын қоштап, бойынан замандастарына өнеге боларлық іскерлікті көрді. Жұмажан Қожжанұлы: «Біржан бүгінгі жетістіктеріне өз күшімен қол жеткізді. Облыстық, республикалық көрмелерде бой көрсетіп, ұлттық нақыштағы жиһаздар ұлтымызға етене жақын, заман сұранысына сай ұлттық құндылықтарымызбен ұштасып жатыр» дейді.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекке араласып, қолынан келген істі жасауы – ерлікпен пара-пар. Өкініштісі, ағаш шебері Біржан Морякұлындай мемлекеттің жан-жақты қолдауын сезініп, қызметке тұруды армандайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтар көп айналамызда. Мүгедек те – қоғамымыздың толыққанды мүшесі. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев халқына арнаған Жолдауында айтып өткендей, қоғам мүгедек жандардың мүддесін қорғайды. Бойында күш-жігер, өмір сүруге ынта-ықыласы бар пенде сынақты өткеріп, кез келген тығырықтан жол тауып, халықпен бірге жасауы тиіс.

Новости в Вашем регионе