Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой

Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. "Ұстазды алтын діңгекке теңер едім", – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік.  Солардың бірі – Ақмола облысы Шортанды ауданы Шортанды №3 қазақ орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Қабиева Жұмакүл Досанқызы.Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Жұмакул Досанқызы жайлы ерекше ілтипатпен  айтуға болады.

Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Жұмакүлдей ұстаздың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге. Ол – Торғай елінің тумасы. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдары болды. Аяулы анасы мен асқар таудай әкесі өздері өмір кешкен дәуірдің әсерінен болар, сауат ашпаған  екен. Сондықтан да болар өз бауыр еті балаларының тиісті білім алып, үлкен азамат болуын армандады. Сол үшін де барлығын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп тәрбиеледі. Әсіресе, қыр гүліндей құлпырған қызғалдақтарының ішінен ең үлкені Жұмакүлдің болашағына ерекше үлкен үмітпен қарады. Жастайынан білімге құштар Жұмакүл ата-анасының сеніміне еш шүбә келтірген емес.

Мұғалім болу арманы, тұлымы желкілдеген жас қызды мектеп бітірісімен Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына әкеледі. 1978 жылы институттың физика-математика факультетін бітіріп, жоғары білімді жас маман ұстаздық еңбек жолын бастайды. Сол кездердегі үрдіс бойынша оқу бітірген жас мамандарды облыстың кадрлар жетіспейтін шалғай аудандарына жіберу дағдысы бар еді. Жолдамамен  алғашқы еңбек жолын Аманкелді ауданының жаңадан ашылып жатқан "Жангелді" кеңшарынан бастайды."Жас келсе – іске" дегендей, аз ғана уақытта жас маман  аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты түсініп, үйреніп, оған өз талпынысын  қосып, ұжым ортасында беделді бола білді. Кейін Арқалық қаласындағы «Б.Майлин»атындағы орыс-қазақ орта мектебінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметті абыроймен жалғастырады.

Уақыт бір орнында тұрмайтыны анық. 2000 жылы отбасылық жағдайға байланысты  Ақмола облысы Шортанды ауданының Шортанды кентіне көшіп келіп, мұндағы бірден-бір жалғыз қазақ мектебіне физика пәнінің оқытушысы ретінде  қызметке орналасады. Содан бері біраз уақыт өтті.  Жүйткіген уақыт ешкімге жеткізер емес…

Қаншама жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Әйтсе де бойынан сол бір жастық жігердің ұшқыны жылдар өтсе де әлі де сөнбегенін сөзбен емес, нақты істер арқылы көрсетуде. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді. Оның қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық.

Ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2010 жылы Астана қаласында өткен физика пәнінен олипиадаға үш оқушысы қатысып, 1, 2, 3 орын иеленді. Сол қажырлы еңбегі үшін жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.АЛТЫНСАРИН» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар оқушылары үнемі жетістіктермен жүреді. Солардың ішінде айырықша атап өтсек; "Бұлақ көрсең, көзін аш" демекші, қаншама дарынды жастардың еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңесін беруде. Ол әр кезде білікті де, білімді шәкірттерін үнемі  мақтан тұтады.

2017 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өткен ІҮ Республикалық пәндік олимпиадасында «Физика» пәні бойынша Мустахов Тәукехан ІІ –дәрежелі диплом иегері атанды. ІҮ Республикалық пәндік олимпиадасының жүлдегері атанған Мұстахов Тәукехан Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің грантын жеңіп алды.

Ол тек қана нағыз ұстаз ғана емес, өз отбасының мәуелі бәйтерегі. Көзінің ағы мен қарасы болған қос ұлдарынан бүгінде немере өсіріп отырған бақытты әже. Ата-ана орнын басып,  бауырларына қашанда көмек қолын ұсынатын таза жүректі, мейірімді жан.

Ойымды қорыта келе оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын жан-жақты меңгеру арқылы оқушының жеке тұлға ретінде дамуын қамтамасыз ету - әр қазақстандық ұстаздың абыройлы міндеті деп ойлаймын.

«Ұлт данышпандары арқылы ұлы мақсаттарға жетеді»,- деген сөзбен ойымды қорытындылағым келеді. Ал болашақ данышпан тәрбиелейтін, дарындардың талантын ашатын , әрине, ұстаздар!

Новости в Вашем регионе