«Мəңгілік ел жастары – индустрияға!»

«Серпін-2050» бағдарламасы – кең ауқымды әлеуметтік жоба. Оның жүзеге асқанына биыл 4 жыл. Аз уақыт ішінде мыңдаған қыз-жігіттер өте маңызды саналатын әлеуметтік бастаманың игілігін көруде.

Халықтың бұл жоба туралы пікірлері де жақсы. Қазір жұрт «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы жөнінде жан-жақты хабардар. Осы бағдарлама арқылы балаларының білім алып, жұмысқа орналасуын қалайтын ата-аналар көп.

Өйткені жоғары және орта арнаулы оқу орындарына мемлекеттік грант бойынша оқуға түсу қиынның қиыны. Себебі талапкерлер көп, конкурс күшті. Тіпті, білім ордаларын бітірген күннің өзінде жастардың көбі мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, сенделіп бос жүреді. Аталмыш мәселені және халық тығыз орналасқан оңтүстік облыстардың тұрғындарын, әсіресе, жастарды солтүстік пен шығыс, батыс өңірлерге тарту, оларға мемлекеттік грант бойынша білім беріп, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін түбегейлі шешу – «Серпін-2050» жобасының негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. «Серпін-2050» жобасы аясында Орал қаласындағы беделді оқу орындарының бірі – М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да алғашқы түлектер түлеп, жаңа өмірге қадам басты. Жалпы бағдарламаның университет бойынша координаторы, білім алған студенттер және олардың ата-аналарының пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Жанерке ТАПАЕВА,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ жастар ісі жөніндегі департаментінің психологі, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының координаторы

«Серпін-2050» бағдарламасы елімізде 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бағдарлама негізінде жоғары оқу орындарына білім гранттары бөлінеді. Грант конкурсына еңбек көрсеткіші жоғары облыстардың, яғни Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының мектеп бітіруші түлектері қатыса алады. Білім гранттары, көбінесе, Қазақстанда сұранысы жоғары мамандықтарға бөлінеді. Осы арқылы сұранысқа ие мамандықтарға білікті кадрлар дайындалып, мамандармен қамтамасыз етуге жол ашады. Бағдарламаның басты міндеті де осы.

«Серпін-2050» бағдарламасының жастарға берер мүмкіндіктеріне тоқталар болсақ, ең алдымен, талапкерлерге мемлекеттік гранттарға қосымша білім гранттары; жоғары оқу орындарында оқу барысында өзін-өзі жетілдіру үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылатындығын; бағдарлама аясында оқитын студенттердің жатақханамен толыққанды қамтамасыз етілетіндігін тілге тиек еткеніміз абзал. Бағдарламаның бұдан бөлек тиімді тұсы – «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алған жоғары оқу орнын бітіруші түлектердің толыққанды жұмыспен қамтылуы болып табылады. Биыл М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды бағдарлама аясында білім алған 145 түлек бітіріп, олар толық жұмыспен қамтамасыз етілді. Ал, білімін одан əрі шыңдауға ниетті түлектер магистратураға емтихан тапсырып, бақтарын сынауда. Біздің білім ордамызда негізінен, педагогикалық мамандықтар оқытылатындықтан, түлектер Батыс Қазақстан облысының ауыл, аудан жəне Орал қаласының лицей, гимназия, мектептеріне жұмысқа орналастырылды.

«Серпін-2050» бағдарламасы екі тарапқа да тиімділікті көздейді: бірі – елімізде сұраныстағы мамандықтарды мамандармен қамтамасыз етсе, екіншісі – жастардың білім алуға деген мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Перизат МАРАТ,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ түлегі

Мен, Перизат Маратқызы Қызылорда облысы, Қазалы қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепті үздік тәмамдап, еліміздің батысында ойып орын алған өр рухты Махамбеттің есімімен аталатын университетке «Серпін» бағдарламасы бойынша оқу грантына түстім. «Серпін» бағдарламасы мемлекеттің бізге берілген сиқырлы таяғы тәріздес, қай жерде, қай салада болмасын адамның өсуіне септігі мол.

Университетіміз бітіруші түлек болғаннан бастап жеке сұхбаттасып, көкейіміздегі әрбір сұраққа дәлелді жауап беріп, мақсатымызды одан әрі қарай айқындап берді. 2014 жылы еліміздің бес өңірінен келген 150 «Серпін» жастарын оқу бітірер сәтінде университетіміздің ректоратының қолдауымен жұмыспен қамтыған болатын. Мен – серпіннің қызымын. Мен ешкімге бас имейтін, аласырмайтын, асқақ арманнан аумайтын университетімнің ұстаздары, менің өмірлік көзқарасымның, қағидамның қалыптасуына, болмысымның тұнықтығына әсер етті.

Шолпан ҚАСЫМҚЫЗЫ,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ түлегі

Мен, Шолпан Қасымқызы Түркістан облысының тумасымын. 2014 жылы мектеп қабырғасын тәмамдап, үлкен өмірге қадам басар шағымда «Серпін-2050» жобасы да бастау алды. Бұл жобаның жалпы мақсаты – халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірінің жастарын, еліміздің солтүстік, батыс және шығыс аймақтарында сапалы білім алуына жағдай жасап, кейіннен жастарды сол өңірлерге жұмыспен қамтамасыз ету болатын. Осы жоба аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін таңдай отырып, білім беру грантына конкурс нәтижесінде «Серпін-2050» жобасы бойынша аталмыш университеттің студенті атандым. Алғашында отбасымнан жырақта жүріп, сонау батыс өңіріне барып білім алуды қиын көрдім. Бірақ та Орал қаласына келген күннен бастап, қорқынышым бірден сейілді. Себебі университет ұжымы бізді теміржол вокзалынан күтіп алып, оқу ғимараттарымен таныстырып, көкейіміздегі сұрақтарымызға жауап беріп, жылы шырай танытып жатты. Мұның өзі білім іздеп келген жастар, яғни біздер үшін үлкен құрмет пен көңілімізге қуаныш ұялатты. Бізді тегін, жылы да жайлы жатақханамен қамтамасыз етті. Басқа да өңірлерден келген жастармен достасып, бір жатақханада тұрып, ұстаздарымыздан сапалы білім алып, қызықты студенттік шақты өткердік. Балаларын жыраққа оқуға жіберіп отырған ата-аналарымыз мұндай жақсы жағдайлар жасалғанын естіп, бір марқайып қалды, кейіннен мектеп бітіріп жатқан туған-туыстың балаларына мақтап, олардың да ЖОО таңдауына бір көмегін тигізді. Соның арқасында кейінгі жылдары мен оқып жатқан университетке өзімнің іні-сіңлілерім оқуға түсті.

Серпіндік жастарға арнайы ұйымдар құрылып, жастардың жан-жақты дамуына сапалы білім беріліп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлануына мемлекет және университет тарапынан да үлкен қолдау көрсетілді. Осы жылы алға қойған нақты мақсат пен үздіксіз жасалған еңбектің арқасында Серпіннің алғашқы түлектері оқуларын аяқтады. Серпін жастарын университет ұжымы тек қана білім нәрімен сусындатып қана қоймай, жастардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туғызып отыр. Биылғы жылы бітірген түлектердің барлығының дерлік жұмыспен қамтылуын қадағалап, тиісті мекемелерге жұмысқа жолдама берді. Қолына дипломын алып, білікті маман иесі атануға дайын жастар берілген жолдамамен еңбек жолын бастауға белсеніп отыр. Сол белсенді жастардың ішінде мен де бармын. Орал қаласындағы №36 М.Ықсанов атындағы жалпы орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа қабылдандым. Ұстаздық еңбек жолымды осы білім алған Ақжайық өңірінен бастағалы жатқаныма өте қуаныштымын. Себебі университет қабырғасында өткен 4 жылдың ішінде осы өңірдің қонақжайлылығы мен тамаша табиғатына үйренісіп кеттім. Алдағы уақытта алған білімімді келешек ұрпаққа насихаттап, олардың саналы, тәрбиелі, білімді болып өсуіне өз үлесімді қосамын және бізге осындай мүмкіндік беріп отырған мемлекетіме қалтқысыз қызмет етемін. «Серпін-2050» жобасы еліміздің дамуына қарқынды үлесін тигізуде, жастарымыздың сапалы білім алуы мен одан әрі жұмыспен қамтылуына жағдай жасайды, сондықтан да өзімнен кейінгі жас буындарды бағдарлама бойынша білім алуға шақырамын.

Жұмагүл МЫРЗАГЕЛДИЕВА,

ата-ана

Мен, Жұмагүл Әбілқызы Түркістан облысының тұрғынымын әрі 40 жылдық ұстаздық еңбек өтілі бар зейнеткермін. Осыдан 4 жыл бұрын «Серпін» атты жобаның бастау алып жатқанын естідім. Елбасымыздың қолдауымен бастама алған бұл бағдарламаның оңтүстік өңірлерінің халқына тигізер пайдасы мол. Өйткені халқы тығыз орналасқан бұл өңірлерде бала туу саны басқа өңірлерге қарағанда жоғары. Балаларының жоғарғы білім алуын толықтай қамтамасыз ете алмайтын көпбалалы отбасылар үшін бағдарлама үлкен көмегін тигізеді. Сонымен қатар солтүстік, батыс және шығыс өңірлеріне жастарды оқуға жіберіп, оларды жұмыспен қамтып, сол өңірлердің жандануына септігін тигізіп жатыр әрі жастарымызға сапалы білім беріп, жатақханамен қамтамасыз етуде. Студенттерге жылына екі рет жолақысы беріліп, шәкіртақымен қамтылып отыр. Жастарға осындай керемет жағдай жасап, пайдасы зор бағдарлама ашқан Үкіметке ризашылығымды білдіремін. Бағдарлама аясында немерем Шолпан Қасымқызы БҚО, Орал қаласында орналасқан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне 2014 жылы оқуға түсіп, биыл «Серпіннің» түлегі атанды. «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түскен студенттерге университет ұжымы ерекше көңіл бөліп, жағдай жасады. Балаларға жайлы жатақхана беріп, оларға жауапты бір мұғалім тағайындалды. Сол арқылы біз балаларымыздың қал-жағдайын, сабақ үлгерімдерін сұрастырып отырдық. Бұл университет ұжымының ата-аналар алдындағы жауапкершілігі деп білемін. Балаларымыз түрлі республикалық сайыстарға қатысып, әртүрлі қалаларға барып жүлделі орындар алып жүрді. Бұлардың барлығы мемлекетіміздің жастарды қолдап, олардың жан-жақты дамып, белсенді болуына ықпал етті. Алдағы уақытта оқуды жаңа ғана бітіріп жатқан студенттерді университет тарапы толықтай жұмыспен қамтамасыз етеді. Жастарымызды еңбекпен қамтыған университет ұжымына рахметімді айтамын. Жастарға айтар тілегім – біздің жолымызды берсін, оқудан ешқашан жалықпаңдар. Көп оқып, әрқашан ізденісте болыңдар. Сонда ғана алға қойған мақсаттарыңа жетесіңдер. Мемлекет тарапынан жасалған керемет мүмкіндіктер мен қолдауларды пайдаланыңдар.

Новости в Вашем регионе