МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ТАҚЫРЫБЫНДА ЭССЕ ЖАЗДЫ

Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы негізінде «Жез Тағылым» қоғамдық бірлестігі эссе жазудан ұйымдастырған шығармашылық байқауға қалалық әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметшілері қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «нөлдік төзімділік» қалыптастыру, мемлекеттік билік саласында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын насихаттауды мақсат еткен байқауға барлығы 00 мемлекеттік қызметші қатысты. Мемлекеттік қызметшілердің шығармаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро Жезқазған аймағы бойынша басқармасының өкілдері, жергілікті БАҚ жетекшілерінен құралған қазылар алқасы сарапқа салды.

- Бүгінде Елбасы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге ерекше мән беріп отыр. Бұл бағытта арнайы заңдар мен стратегиялық құжаттар бар. Эссе жазу барысында мемлекеттік қызметшілер осы бір кеселмен күрестегі мемлекеттің ұстанымымен, құқықтық базамен жақсы таныстығын байқатты. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің эсселерінде қоғам дамуына кері әсер ететін жемқорлық оқиғаларды болдырмаудың жолдары ұсынылып, мемлекеттік қызметшілер өз ұстанымдарын айқын жазып отыр. Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға оң ықпал етеді, - дейді «Жез Тағылым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хансейіт Бөлен.

Қазылар алқасының шешімі бойынша, эссе жазу байқауында 1-орынды және 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақыны Жезқазған қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Виктория Ставицкая жеңіп алды. Ал, 2-орын мен 35 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Айнұр Әбікенова мен кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Фархад Нұрдәулетов иеленді. 25 мың теңге қаржылай сыйлығы бар 3-орынды Малшыбай ауылы әкімі аппаратының бас маманы Медет Қарахметов, білім бөлімінің бас маманы Дамира Алтайбаева мен әкім аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы Алтын Оразбаева еншіледі. Сондай-ақ, байқауға белсенді қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты мемлекеттік қызметші ретіндегі ұстанымын айқын көрсеткен 4 мемлекеттік қызметші 15 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлығы бар арнайы номинациялармен марапатталды.

Жанар ЖЕТПІСБАЙ,

Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі  

Новости в Вашем регионе