Мемлекеттік гранттар беріледі

Шортанды ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Е.Қ.Мұхамединнің төрағалығымен халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша семинар өтті.

Шортанды ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Е.Жапаров пен орталық маманы С.Әбілқайыров мемлекеттік гранттарды алу, "Бастау-Бизнес" бағдарламалары бойынша оқыту және ауданда әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша ақпарат жасады. Семинарға "Бастау-Бизнес" бағдарламасының тыңдаушылары мен жас жеке кәсіпкерлер, аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Қ.Төлеуғазин, БАҚ өкілдері қатысты.

Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру жолдары, әлеуметтік жұмыс орындарын құру мен еңбекақыларын субсидиялау жөнінде түсіндірді. Жас кәсіпкер үшін әлеуметтік жұмыс орнына қабылдаған жұмысшысының жалақысының 35 % бағдарлама негізінде өкімет төлейтін болады.

Бизнесті іске асыруды жоспарлап отырған Бағдарламаға қатысушыларға қайтарымсыз негізде 100 АЕК дейінгі немесе шамамен 240 мың теңге мөлшерде мемлекеттік гранттар беріледі. Аталған грантты алуға үміткерлердің кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарын аяқтағаны жөнінде сертификаты, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу құжаты, есеп шоты, бизнес жоспары мен жеке куәлігі қажет. Бүгінгі күні аудан бойынша 11 адам мемлекеттік грант алған. Мемлекеттік грант қажетті инвентарьды, еңбек құрал-жабдықтарын, технологиялық жабдықты сатып алуға пайдаланылады. Мысалы «Тігінші», «Электргазбен дәнекерлеуші» мамандығын алған азаматтар тігін машинасын, дәнекерлеу құрылғысын алып, кәсібін бастауға болады. Мемлекеттік грант шаштараз, тігін цехы, техникаға қызмет көрсету орталығына, автокөліктің дөңгелектерін желімдеуге, наубайханаға, инкубатор құрылғысына, балмұздақ өндіруге, жүн, мақта өңдеуге, қол өнер бұйымдарына, ұлттық тағамдар дайындауға, темір бұйымдар шығаруға, ағаш өңдеуге, пластикалық бұйымдар шығаруға, аяқ-киім шеберханасына, монша ашуға және де басқа жаңа бизнес идеяларға беріледі.

Новости в Вашем регионе