Мектеп оқушыларына арналған экскурсия

«Нұр Отан» партиясының Шортанды аудандық филиалы «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында «Даржан Групп» ЖШС-де Шортанды №3 қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдарлау экскурсиясын өткізді.

Іс-шараның мақсаты – жастардың жұмысшы, инженерлер мен әлеуметтік кәсіптерге жағымды көзқарасын қалыптастыру.

«Даржан Групп» ЖШС - Шортанды кентінде «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен салынған заманауи диірмен кешені. Бүгінгі күн талаптарына сай, әлемдік стандарттарға толық жауап беретін кәсіпорын тәулігіне 120 тонна өнім шығара алады. «Даржан Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған жобаның жалпы құны 3,5 миллион АҚШ долларын құрайды. Қысқа мерзімде қатарға қосылған кешенде Түркияның технологиялық озық желісі мен жабдықтары орнатылып, сыйымдылығы 7500 тонналық қойма, 40 тонналық электронды таразы, кебекті түйіршіктеу цехы, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат, кірме жолдар пайдалануға берілді.

Экскурсия барысында «Даржан Групп» ЖШС өндіріс жөніндегі меңгерушісі өнім өндіру технологиясы мен жабдықтарымен оқушыларды таныстырды, балалар өз көздерімен барлық жұмыс барысымен танысты. Ұн өндірудің барлық түрі барынша автоматтандырылған. Сондықтан да заманауи құрылғылармен жабдықталған кең цехтарда адам аз: оператор жіліктеу білдектерінің ұн тарту желісінің жұмысын тексереді, жұмысшылар ұндардың бөлшектеп оралуын қадағалайды.

Жастарға эксурсия ұнады, шеберлердің жұмысын қызыға тамашалап, сұрақтарына жауап алды.