"Куражи" би ансамблі өнер көрсетті

Астана күнін мерекелеуге арналған мәдени шаралар аясында Венгрия Парламентінің Вице-Спикері Шандор Лежактың жұбайы Габриелла Лежактың көркемдік жетекшілігіндегі "Куражи" би ансамблінің аудандық мәдениет үйінде концерті өтті.

1994 жылы құрылған "Куражи" би ансамблі Орталық Карпат ойпатының халықтық мәдени дәстүрін би, музыка, ұлттық киімдер арқылы сақтауды мақсат тұтады. Құрылған күнінен бастап төрт рет Мажарстандағы жарыстарда Үздік белгіні жеңіп алды. Бұл нәтижесімен Мажарстандағы кәсіби емес би топтарының қатарына енген және Кечкемет қаласы мен оның жанындағы мектептердің талантты жасөспірімдерін қатарына қабылдап отырады.

Мажарстандағы көрсетілімдер, халық биіне арналған мәдени шаралардан басқа шетелдік халықаралық фестивальдарға қатысып келеді. Австрия, Чехия, Дания, Эстония, Франция, Польша, Германия, Румыния, Словакия, Голландия, Грекия, Азор аралдары, Сардиния, Италия елдерінде өнер көрсеткен. Будапешт қаласында өткен "Халық биі антологиясы" атты мәдени шараға қатысуларын ерекше атауға болады. Ансамбльдің негізін салушы Шандор Чума.

Мажар халқының ұлттық билерін сахнада әсерлі орындаған қонақтар көрермен көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді. Әрбір орындаған билеріне көрермен көпшілік қошемет көрсетіп, ду қол шапалақтап отырды.

Концерт соңында аудан әкімі Г.Сәдуақасова сөз алып, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени және рухани байланыс жалғаса беретіндігін жеткізіп, қадірменді қонақтарға Алғыс хат пен ескерткіш кәдесыйлар табыс етті. Венгрия Парламентінің Вице-Спикері Шандор Лежактың жұбайы Габриелла Лежак пен Мажар елінен шыққан күллі түркі әлеміне аты мәлім түркітанушы ғалым, қоғам қайраткері Мандоки Қоңыр Иштванның жұбайы Айша Мандоки барша жұртшылықты елордасы Астананың мерейлі мерейтойымен құттықтап, екі елдің достығын жалғастырған көпір болашақта даңғыл жолға айналатынына зор сенімді екендігін айтып, құшақ жая қарсы алған қазақстандықтарға зор алғысын білдірді.

Қабдешова Гүлзияш

Новости в Вашем регионе