ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТОЙЫ: "ТАРЛАНДАРҒА ТАЛҒАМ ҚАНДАЙ"

БІЗ ҚАЛАЙ АСАБА БОЛДЫҚ
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына салым жер-жерде дүрілдетіп  «комсомолдық той» өткізу дәстүрге мықтап еніп жатқан. Ербол екеуміз жаңадан ғана отау құрғанбыз. Көп ұзамай ауылдың жастарының көшбасшысы болып қызмет істеп жүрген Қонарбаева Ботагөз деген құрбымыз өзінің сүйгені Рысов Мейрамбекке тұрмысқа шығып, той жасайтын болды. Мұның алдында, бізден бұрын үйленіп, көрші ауылдың Раушандай ару қызын өз шаңырағына келін етіп түсірген Ысқақов Қалдыбек-тің ауылдағы мәдениет үйінде өткен комсомолдық үлгідегі некелесу рәсімінде Ерекең екеуіміз күйеу жолдас пен қыз жолдас болып едік. Енді, Бота мен Мейрамның мына тойын басқару Ербол екеумізге  сеніп тапсырылды.

Тәуекел деп тойдың сценарийін құрдық. Жүргізуші Ерболымның қасына серіктесуге денешынықтыру пәнінің мұғалімі, ауылдың айтқышы Төлепберген Қожабеков  досымызға қолқа салынды. Өзіміз құрған вокальды-аспаптар ансамбіліміздің жетекшісі,  домбыра да тартып, ритм және соло-гитарада шебер ойнайтын жас маман, дауысы да керемет, жезтаңдай, күміскөмейлі әнші Басқабек Раев досымызбен алдын-ала бірнеше әнге дайындалып, репертуарымызды байытып алдық. Жұмыс аяқалып, мал жайғалып, қас қарая басталған шақта ашық ауладағы тойды мен жазып берген шумақтар мен сөз тіркестерін, қосымша сөйлемдерді көпшілік қауымға дүрілдете оқып, соңын қазақы әдемі қалжыңымен немесе өтімді өткір мысалдарымен тұздықтаған Ербол Төлепберген досымен бірге әдемі басқарып берді. Ара-арасында құда мен құдағиларға да сөз бергізіп, келген қонақтардың құттықтау тілегін де қамтып, дүркіретіп өткізген тойымыз жерлестеріміздің ауызында әлі аңыз боп айтылып жүр.
Ерім болғасын айтып отыр демеңіздер, Ерболдың бойындағы ел баурағыш тума таланты мен сөзінің өтімділігін ешкім жоққа шығара алмас. Харизмасы басым Ерекең екеуіміздің жұмыстан тыс асабалық қызметіміз ауылдан асып, аудан, облыс аймағын аралап кете барды. Бірде-бір тойға дайындықсыз бармаймыз. Кешегі тойда айтқанымызды бүгін қайталамауға тырысамыз. Әлбетте, ол үшін кітапты көп оқып, газет-журналдарды жиі ақтарып, көп ізденеміз.  
Қоғам өміріндегі басқа да шаруаларымыз көбейіп, жылдар жылжып, есейген шағымызда асабалығымызды қоярмыз деп ойлайтынбыз. Жоқ. Өзіңді іздейтін, өзіңді қажет ететін тойшыл қауым Ерекең екеуімізді әлі-әзір саптан алып тастар түрі көрінбейді. Оған шүкір демесек, ренішіміз жоқ.
ПЕЙІЛ
Шыны керек, біз ең тойшыл халықпыз. Қазағымыздың той өткізуі туралы даңқы мен дақпырты  елден асып, әлемді шарлап кеткен десек еш қателесе қоймаспыз.
Той дәстүрі – қазақ мәдениетінің бөлінбес бір бөлшегі. Той қазақ болмысының көрінісі. Тойдан ажыраған күні қазақ қазақ болудан қалады. Той-қашанда көшпенді қазақтың бар қызығы болып келген. Қазір де көпшілік халық үшін солай. Қазақ бойда қордаланған "буын" тойда ғана шығарып, емін-еркін жан рахатына бөлене алады. Көптен көріспеген ағайын-туған, дос-жаран бас қосып сағынышын тойда басады. Той – бауырмалдықты, береке-бірлікті паш ететін шара. Ақжарма тілектердің шашу болып шашылатын, ізгі ниеттердің періштенің құлағына шалынып, бата-дұғалардың қабыл болатын тұсы да-той. Үлкеннен өнеге тарап, жақсы сөздің жарым ырысқа айналатын сәті. Жас буын өнерінің тұсауы кесіліп, шыңдалып, шыңға қанат қағар кезі де осы ара. Бой сергітіп, күнделікті күйкі тіршіліктің ауыртпашылығынан бір арылатын сәті де той. Той-қазақтың пешенесіне жазылған берекелі нәсіп. Оны тоқтатамын деу – бекер әурешілік, ірі халықтың ақ-жарқын дархан пейіліне жасалған қиянат. Осы күні той жасау – ысырап деген ойды халықтың санасына сіңіру пиғылы байқалады. Дұрыс емес. Нарықтан тарыққан көпшіліктің бір күндік қызығын көп көргеніміз қай сасқанымыз? Біле білсеңіз, сол тойды жылдар бойы зарығып күтетін отбасылар бар... әрі-беріден кейін той шығынын тойға келушілердің өздері-ақ көтеріп кетеді. Қазақ өз тойын ысырапқа айналдырмаудың жолын әлдеқашан ойлап тауып қойған. Осы күні той дастарханында бір түйір де ас ысырап болмайды. Желінбей қалған салаттарға дейін пакетке салып, буып-түйіп үйге алып кетеді. «Сұғанақтық» деп көмекейіңіз бүлкілдеп тұр ма? Ол-сіздің ойыңыз! Және сол тойға аспаннан түскендей болып келіп, өзінше мәдениетті боп, ыздиып отыратындардың ойы. Дұрыс қой енді! Дастарханда жайнап тұрған мол астың қайсыбірін сол арада жеп тауысасың? Артылғанын тойдан сарқыт деп, үйлеріндегі балаларына ауыз тигізеді. Мұның несі айып? Той берекесі деген – осы. Құдай қазақты сол кең пейілінен айырмасын.
СӨЗ  МӘДЕНИЕТІ
Сөз ұқпау, сөз тереңіне үңіле алмау, салт пен дәстүрді білмеу, әдет пен ғұрыптарды байыптамау – топастықтың белгісі. Бұған келтіретін мысалдар айналамызда өте көп. Тойда жас жұбайларға «Үй ішінен үй тігіп, отау құрып жатқандарың құтты болсын!» деп тілек айтушылар көбейіп кетті. Басқа–басқа, осы сөзді өзім танитын тіл-әдебиет пәнінің маманының аузынан да естідім. «Үй ішінен үй тігіп, отау құрып жатқандарың құтты болсын!» деген құттықтауларын аңқылдай жолдаған ақкөңіл бұл адамдардың «үй ішінен үй тігу» деген тіркестің жаңа отау құрудың мағынасын бермейтінін, керісінше, алауыздықтың, ала қойды бөле қырыққандықтың белгісін білдіретіндігін дәл сол сәттегі ырду-дырду  той үстінде қайсысына түсіндіріп жатарсыз.
Дегенмен, «Тойдың бетпердесін ашу үшін пәленшені шақырамыз!», «Сонымен тойымыздың бетпердесі ашылды. Енді тойымыз басталды!» деп аузы-аузына жұқпай тақылдайтын  біраз жас асабаға «бетперде» деген сөздің орысша мәні «маска» деген ұғымды білдіретінін, той шымылдығын ашуға ол сөзді қолданудың өрескел айып екенін айтудай-ақ айтып жүрміз.  
Осының бәрі кітапқұмарлардың азаюынан, қара сөз оқып, қара өлең жаттаушылардың жоғалуынан, балаларына ертегі айтар ана, әжелердің тілінің шорқақтығынан, өнегелі ісімен өрелі сөз қалдырар абыз ақсақал, қазына қариялардың сиреуінен, отбасында тағылымды тарихи, ұлттық құндылықтарды ұрпағының бойына ана сүтімен, ата күшімен дарытуға лайық әке-шешенің жоқтығынан  орын алып отырған қателіктер.

ТОЙ ТАРЛАНДАРЫ
Осыдан алты жыл бұрын тараздық Нұржан Байболатов пен Ринат Нұрақбаевтар хабарласты. Олардың той төңірегінде жүрген өнерпаздардың, айтулы асабалардың басын қосып, бір кеш ұйымдастырмақ ниеттерін естігенімізде Ерекең екеуіміз де қос қолымызды көтере қоштай кеттік. Халық қазынасына айналған тойлардың қадірін түсірмеу, бар жиған-тергенін тойға шашатын қазағымыздың пейілі мен ниетін танытып, салты мен дәстүрін дәріптеуді, ұлт өнерін қастерлеуді басты мақсат тұтқан бұл алғашқы басқосуымыз керемет өтті. Облыс пен республика жұртшылығына асабалығымен танылып үлгерген Бегалы Ысқақов, Ербол Қамбатыров, Дүйсебай Еркебаев, Санат Қонарбаев, Бауыржан Райымбеков, Әнуар Жұмағұлов, Бауыржан Нұралиев, Қуат Асаба, Ғани Оралбаев, Алик Бекмұсаев, Нұркен Жаңабаев, Мәди Қалжанов, Елдос Төлендиев, Ербол Тұрғынбаев, сондай-ақ, Берік Бестерек, Жәнібек Бестерек, Ұлдарбек, Жандос, Бақтияр, Жамбыл, Нұрбақыт, Ардақ, Манас, Сержан, Жандарбек сынды көптеген азаматтар белсене қатысып, білек түре кірісіп, жан-жақты ұйымдастырылып, ауызбірлік пен ұйымшылдық көрсетілген осы басқосудан соң, жамбылдық өнерпаздардың ортасында татулықтың туы тігіліп, достықтың шамы жанды. Отбасы боп араласу, сырқаттанып, отаға түсіп қалғандарға, тұрмыс тауқыметін тартқандар мен жақындары дүние салғандарға көмек қолын созу,.. секілді ұсақ-түйектерді назардан тыс қалдырмау дағдыға айналды. Жыл сайын басқосып отыру дәстүрге енді. Жас асабалар мен талапты өнер иелерін жатсынбаған аға буын оларға  сөз өнері мен той қызметіне адалдық туралы ақыл-кеңестерін аямай берудің әдебі мен әдетін қалыптастырды. Тобымызға азан шақырылмаса да, бірауыздан «Тараз тарландары» деген ат қойылды. «Той тарландары» деген сүйікті ән дүниеге келді. Ол әннің авторы болу бақыты маған бұйырыпты.
Осы жерде айта кететін бір жайт бар.  Ол – «тарлан» деген сөз төңірегінде шыққан алғашқы сыни пікірлер. Бұған уәж келтіруге болады. Біріншіден, ол Таразымыздың атауына аллитерациялық үндестікпен үйлескен бірден-бір сөз. Екіншіден, ел тойына сіңірген қызмет өтілі отыз-отыз бес жылдан асатын, Жаратқанның қалауымен ел арасына шашылған несібелерін маңдай терімен, тұма дарын, тума талантымен теріп жеп жүрген аймағымыздың айтулы асабалары мен мәдениет майталмандарына және өнер өкілдеріне тарландықты қимаймыз ба?! Олардың астына құрғақ көтермелеумен қалың көпшік қоймасақ та, көсегесін көгертер жылы сөз, ыстық ықыласты білдірер  қошеметпен жігерлерін қамшыласақ несі айып.
Биыл алтыншы жыл қатарынан төл мерекесін жарасымды жанұялық жұптарымен бірге  атап өткен Тараз тойының тарландары халық қазынасы саналатын қазақ тойының тойға ұласа беруін қалайды. Шілдехана тойға қызмет етіп, демографияның өркендеуіне, бесік тойға қызмет етіп, ата-ана бақытының баянды болуына, тұсаукесерге ортақтасып, сүндеттойдың сәнін кіргізуге, ұзатылған қыздың барған жерінде бағы ашылуына, отау құрған ұлдың үй болып кетуіне, екі жас жұбайдың шаңырақтарының берік болуына, мерейтой иелерінің өз қуаныштарына көрік болуына шаршамай-шалдықпай шын жүректен үлес қоса бергілері келеді.

Новости в Вашем регионе