Елбасы идеялары «Қазақтану» жобасы аясына топтастырылады

Тарих – бұл халықтың таным-түсінігін қалыптастыратын ұлы ұғым. Өткенді білмей, болашақты бағамдау әсте мүмкін емес. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлтымыз еңсерген ұлы жолды жадымызда жаңғыртып, өткеннің өнегесін үлгі етуге үндейді.

Біздің тарихымыз – Қазақстан халқын біріктіретін қуатты күш. Ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық қалпымыз, байырғы дүниетанымымыз, рухани-мәдени құндылықтарымыз біздің ішкі бірлігімізді бекемдеп, жұртшылықты қазақ халқының маңайына топтастырады.

Елбасы тарихтың танымдық осы дәстүрін дәуірдің талабына сәйкестендіріп, халықты өткеннің ұлағатына құрметпен қарауға, зерделеуге, өткеннен сабақ алуға шақырады. Бұл елжандылықтың жарқын үлгісі, қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі болып табылады.

Елбасының ұсынысымен келер жыл – Жастар жылы болып айқындалғаны белгілі. Жастар жылының шеңберінде республика көлемінде жастарға арналған бастамаларға басымдық беріліп, жас буынға спалы тәрбие берудің тетіктері қалыптасады. Тақырыптық жылдың аясында мақалада айтылған идеялар табысты іске асатын болса, ұтатын тұстарымыз көп болмақ.

Мемлекет басшысы ұсынған идеялар өзектілігімен, өміршеңдігімен дараланады. Бұл бағытта Шымкент қаласы талай толымды істер атқаруға қауқарлы. Мәселен, қаланың тарихы тым тереңде екендігін ескерсек, оның шежіресі төңірегінде талай баянды жобаларды іске асыруға мүмкіндік мол.

Сондай-ақ қаламызда жас буын өкілдерінің үлесі басым екендігін назарға алсақ, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы бойынша танымал, қадірлі және жер шарының әр түкпірінде ұлағатқа ие болған ұлы ата-бабаларымыздың бейнелерін есте сақтау, олар қалдырған мол мұраны зерттеу және мәңгі есте қалдыру бағытында бірқатар толымды істерді жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Әсіресе, Елбасы айтқан идеяларды Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған «Қазақтану» жобасы аясына кіріктіру тиімді болып табылады.

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мақалада айтылған басымдықтарды ассамблея құрылымдары мен жобалары арқылы іске асырудың тетіктерін белгілейтін болады. Бұл бағытта Қоғамдық келісім кеңестерінің, Аналар кеңестерінің, Ғылыми-сарапшылық топтың, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының, этномәдени бірлестіктердің әлеуеті пайдаланылмақ. 

        

М.О.Қалмұратов, Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі

Новости в Вашем регионе