ЕЛ ТАРИХЫНА БЕРІЛГЕН ӘДІЛ БАҒА

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын ерекше құштарлықпен, көз алмай оқып шықтым. Мақалада ендігі уақытта рухани темірқазығымызға айналуы тиіс маңызды ойлар айтылған.

Әдетте бізде еліміздегі ғылыми-техникалық даму тарихын кешегі кеңес заманынан, қазан төңкерісінен бері қарай бастау әдетке айналған. Құдды бір кеңес өкіметі орнағанға дейін халқымыз жабайы тұрмыс кешіп, өркениет көшінен кейін қалғандай, тек коммунистік партия келіп адам қатарына қосқандай әсер қалдырады әлгіндей әңгімелер. Әрине, көзі ашық, көкірегі ояу, тарихтан хабары бар жандар шынайы тарихтың олай еместігін біледі. Ал, Президент Н. Назарбаевтың жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы өткен тарихымызға әділ баға беріп, дала өркениетінің озық қырларын паш етіп отыр.

Елбасы мақаласында айқындалған Ұлы даланың жеті қырын шын мәнінде әлемдік өркениетке қосылған, тарих-тегі даусыз жеті кереметке теңеуге әбден болады. Баһадүр бабаларымыздың ат құлағында ойнап, Еуразия даласында еркін жортқаны ақиқат па? Ақиқат. Тұлпар тізгіндеп, берен сауыт киген көшпелілер қалыптастырған өркениет – біздің мақтанышымыздың өзегі. 

Маған Елбасы мақаласындағы «Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады» деген жолдар ерекше ұнады және бұл жолдар әрбір қазақстандыққа ой салып, кеудесінде мақтаныш отын тұтатуы керек. Шынында да ата-бабаларымыз ежелден-ақ жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді. Бұдан түйетін ой – біздің ата кәсібіміз тек мал бағу емес. Қазақ халқы ежелден-ақ метал балқыту, кен байыту ісін меңгеріп, әлемдік өркениетке зор үлес қоса білген.

Кенді аймақ саналатын Жезқазған-Ұлытау өңірінде де мақалада айтылған осы жәйттер рухани саладағы салмақты бастамаларға негіз болуы керек. Атап айтқанда, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған «Өз жеріңді танып біл» жобасы аясында мектеп туризмін жетілдіріп, аймақтағы ежелгі кен игеру орындары мен кейін қалыптасқан өндіріс ошақтарын жас ұрпаққа таныстыру, тарихын насихаттау ісі шұғыл қолға алынғаны жөн деп білемін.

«Аң стилі» мен Алтын адам табиғатпен тамырлас дүниетанымға ие Ұлы дала көшпелілері жасаған ұлы өркениеттен хабар береді. Бүгінде сонау сақ дәуірінің мұрасы саналатын ол өнер туындыларын тек тұрмыстық бұйым, жай ғана материалдық мәдениет көрінісі дей алмаймыз. Ықылым замандардан өз жазуы мен мифологиясы бар көшпелілердің озық мәдениеті болды. «Аң стиліндегі» өнер – олардың көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі. Елбасы өз мақаласында осы мұра туралы «Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген. Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады» дейді. Осы үлгідегі өнер туындыларының кей көріністері бүгінгі Егемен қазақ елінің басты атрибуттары ретінде қолданылып келеді. Бұл сөзімізге мемлекеттік символдарда көрініс тапқан қар барысының бейнесі дәлел.

Қазақ даласының әр өңірінен археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып жатқан Алтын адам да бабаларымыздың аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасағанын айғақтайды. Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш еткен Алтын адаммен бірге табылған жәдігерлердегі таңбалар – бұған дейінгі анықталған жазу атаулылардың ішіндегі ең көнесі.

Ұлы дала өркениетін түркі дүниетанымынан, түркі халықтарының тарихынан бөліп қарастыруға мүлдем болмайды. Ал, түркі мәдениеті мен тарихының түп қазығы тағы да қазақ даласына келіп тіреледі. Елбасы да мақаласында қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың орны ерекше екенін айта келе, бұл таулардың тек қазақ жерінің алтын тәжі ғана емес, күллі Түркі әлемінің бесігі екендігіне тоқталады. «Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды» дейді Елбасы.

Бұл айтылғандар бос мақтан мен орынсыз пафосқа құрылған жай сөз емес. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашқаны әлемдік тарихта мойындалған шындық. Бүгінде зиялы орталарда Әбу Насыр Әл-Фарабидің, Қожа Ахмет Ясауидің, Ахмет Йүгінекидің есімімен, олардың еңбектерімен таныс емес адам жоқ. Бұл мұралар бізді әлі талай белеске бастайтын рухани азық болатыны сөзсіз. Жезқазған-Ұлытау аймағы тарихи ескерткіштерге ғана бай емес. Ұлытау жері – осы Ұлы дала төсіндегі талай айтулы оқиғалардың куәсі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында аймақ басшылығы осыны басты назарда ұстауы керек. 

Әлем елдері бүгінде экономикалық интеграция, сауда-экономикалық қатынастарға жол ашатын логистика мәселелерін күн тәртібінен түсірген жоқ. Қайта күн сайын транзиттік әлеуетті арттыру бағытында әр ел, ішінде Қазақстан да бар, жаңа мүмкіндіктерді іздестіруде. Бұл мәселеде бізді адастырмайтын бір жол бар. Ол – бабалар жолы. Ол – бабаларымыз салған «Ұлы Жібек жолы». Елбасы мақаласында бұл туралы: «Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды» дейді. Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ жариялаған көпвекторлы саясат ұстанымы – осы бабалар салған жолдың заңды жалғасы. Тек сауда-саттықта ғана емес, қоғамдық-саяси процестерде, білім-ғылым саласында біз шектеу мен шеттеуден ғана тұратын томаға-тұйықтықты емес, рухани кемелдікке, материалдық тиімділікке бастайтын ашықтық пен әріптестікті таңдадық. Елімізде осыған дейін түрлі деңгейдегі экономика, медиа, дін, саясат, қауіпсіздік, тағы басқа мәселелер бойынша жиын, басқосулар өтіп, қазақ жері әлемдік қауымдастықта аталы сөз айтылып, құнды пікірлер ортаға тасталатын, бабаларымыз күнде жиналатын «Күлтөбеге» айналды. Бұдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз тағы мәлім.

Қазақ жерінің асты да – байлық, үсті де – байлық. Сол байлықтың ішінде өсімдік әлемінің орны ерекше. Елбасы көрсеткен Ұлы даланың жеті қырының бірі ретінде қазақ алмасы мен қызғалдағының аталуы – өте орынды.

Елбасы «Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған» деп атап өткеніндей, алдымызда табиғаттың осы бір тамаша сыйын отандық брендке айналдырып, экспорттық әлеуетімізді арттыратын өнімдердің біріне айналдыру міндеті тұр.

Қазақ даласын көмкерген қызғалдақтар мен басқа да гүлдер бүгінгі күнге сол қалпында жетіп отыр. Әлем халықтарының жүрегін жаулаған бұл гүлдер – тек мақтанышымыз ғана емес, оны сақтау, тарату тұрғысынан үлкен жауапкершілік. Осы орайда ғылыми-өндірістік мекемелер жұмысты жандандырып, еліміздің әр аймағында фитоинтрадукция шараларын қолға алуы керек.

Елбасы өз мақаласында дала өркениетінің жеті қырын санамалап қана қоймай, бабаларымыздан қалған мол мұраны өміршең ету мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді. Енді ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы жүзеге асатын болады. Сондай-ақ, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу міндеті қойылды. Сонымен бірге, қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу тапсырылды. Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып әзірленетін, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериялар да көптен көкейде жүрген ойды дөп басып отыр.

«Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба да көптің қолдауын иеленіп қана қоймай, рухани өмірімізде тың серпіліс туғызары сөзсіз. Мақалада айтылған «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға да бүгінде мүмкіндік мол. «Ұлы дала фольклорының антологиясы», «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын құрастыру мен іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру – ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері абыроймен атқаруы тиіс маңызды бастама.

Тарихымызды кинокартиналарға айналдырудың алғашқы қадамдары бұған дейін де жасалды. Тәуелсіздік жылдарында «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала» сынды фильмдерді көрермендер жылы қабылдаса, «Қазақ хандығы» сериалы отандық кино саласындағы ірі жоба болды. Елбасы мақаласында «тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек» деген міндет бұл салаға жаңа серпін сыйлап, төл тарихымызды тиімді құралдармен насихаттауға жол ашары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Елбасының бұл мақаласы дер кезінде жарияланып, өзекті мәселелерді сөз етіп отыр. Таң ата «Президенттің жаңа мақаласы шығыпты» дегенді ести салып, Ақорданың сайтына үңілдік. Тақырыбынан-ақ, былтырғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын толықтырған, рухани кемелденуіміздің көкжиегін кеңейтетін дүние екенін аңғардық. Сөйттік те, оқыдық. Оқыдық та осындай ой түйдік. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының қорытынды бөлімінде айтылғандай, төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы – зор. Тәуелсіз еліміздің дамудың жаңа деңгейіне көтерілуі қарсаңында тарихты тілге тиек еткен мақала өткенімізді мақтан тұтып, бүгінгі қам-қарекетімізді нақты бағалауға, болашақты дұрыс бағамдауда басты бағдар болмақ.

Дархан МҰХАН,

Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газетінің бас редакторы

Новости в Вашем регионе