Бұрыш бой көтерді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқушылар арасында талдау, ел тарихын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында мектебімізде «Ұлы даланың жеті қыры» атты бұрыш бой көтерді. Бұрыштың ашылу салтанатында мектебіміздің директоры Анесий Азамат оқушыларға осы құрылған бұрыштың мақсатын түсіндіріп сөз сөйледі. Сонымен қатар бұрышқа келген оқушыларға шағын түсіндіру жұмысы жүргізілді. 
 

1. АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ.
Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін ғалымдар дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды.
2. ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ЕЖЕЛГІ МЕТАЛЛУРГИЯ.
Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.
3. АҢ СТИЛІ
Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері.
4. АЛТЫН АДАМ
Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам».
5. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БЕСІГІ
Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.
6. ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ
Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды.
7. ҚАЗАҚСТАН – АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ОТАНЫ
Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған.Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.

Новости в Вашем регионе