Білім мен біліктілігі сыналған ой жүйріктері

Жуырда ҚР Білім жəне ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жəне БҚО білім басқармасының ұйымдастыруымен математика пəні мұғалімдері арасында республикалық «Математикалық регата» олимпиадасы өтті.

Педагогтердің кəсіби əлеуетін арттырып, озық нəтижелерге қол жеткізу мен іс-тəжірибені насихаттауда аймақтық деңгей шеңберінен шығып, республикалық дəрежеге жеткен білім сайысы араға алты жыл салып 70-ке жуық ұлағат иелерінің басын қайта біріктірді. ҚР БжҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы педагогикалық-инновациялық зертхана жетекшісі Айгүл Каркулованың сөзінше, көршілес Ресей облыстарының математика жарысына деген қызығушылықтары жоғары. Сондықтан алдағы уақытта ауқымы кеңейтілуі мүмкін. Елбасының адами капитал сапасын жақсартуға бағытталған негізгі міндеттері ішінде математика пəнінің техника тілі ретінде мəртебесі нығайтылуы тиіс. Қатысушыларды құттықтау сəтінде БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Зəуре Ғұмарова олимпиада Елбасы міндеттерінің орындалуымен қоса республика мұғалімдерінің əріптестік қарым-қатынасын беріктендіретініне сенім білдіреді. Орнықты байланысты Астана қаласының дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің математигі Самат Есенбеков те растайды. Сегіз жыл педагогтік жолында аса қызығушылық тудырған «Математикалық регатаға» алғаш қатысуы. Əріптестері шетінен мықты қарсылас екенін жасырмайды. Ұстаздар бəйгесінің марапаттау рəсімінде сөз алған облыс əкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов тəуелсіздік жылдарынан бері білім саласы басты назарда екенін айтады. Жыл сайынғы Жолдауда айтылған аталмыш сала ел экономикасына айтарлықтай ықпал етті. – Білімге салынған инвестиция экономикаға өсіммен қайтарылады,- дейді Ғ.Абдоллаұлы. Адами капитал ішінде білімнің бірінші кезекке орныққаны сондықтан. Мемлекет тарапынан қамқорлық та, қолдау да міндетті түрде жалғасын таппақ. Білім мен біліктілігін сынаған ой жүйріктерінің арасында өткен олимпиада жеңімпаздары бар. Сараптау комиссиясының төрағасы Өтебай Құспанбаевтың айтуынша, сандық тəжірибеге сүйенсек, батыстық Ақтөбе жəне БҚО-ның командалары есепті шешу ептілігімен дараланады. Биылғы жылы да қос команда қарсыластарынан көш басында. Алматы қаласының республикалық физика-математика мектебі, Жамбыл жəне Атырау өлкесі құрамасы ІІ орын иеленсе, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысының математика мұғалімдері ІІІ орынға лайықталды. Ғ.Оспанқұлов пен белгілі математика ғалымдары, тəжірибелі мамандар жүлдегерлерге диплом мен бағалы сыйлықтар ұсынды. Білім саласында адал қызмет атқарып қана қоймай, сүбелі үлесін қосқан қызметкерлерге ҚР БжҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ш.Қирабаеваның «Құрмет грамотасы» табысталды. Талантты ұстаздан, талапты шәкірт шығатыны секілді ұстаздардың білім биігінде рөлі зор.