Ауған соғысында от кешкен

1989 жылы ақпан айының 15 жұлдызында мыңдаған жерлес бауырларымыз қаза тапқан, қасіретті де,  қайғылы Ауған соғысы аяқталды. Екінші жаһан соғысынан кейінгі зардабы мен залалын шашқан Ауған соғысының тарих қоржынының бір басында жатқанына да 30 жылдың төңірегі болды. Жарасы жазылған  жоқ.  Жылдар  өткенімен,   жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақтаулы. Бүгінде көптің көкейінде жүрген «Ауған соғысы қажет пе еді?» деген сұрақ жетелеп,  8 «Б» сынып оқушылары Аманханқызы Данагүл мен Қаппас Ернар ауған соғысының ардагері Әзденбаев Жұмағұл ағамызбен сұхбаттасып, санада жаңғырған сан сауалдың жауабын іздеп көрді.  

Оқушылардың ауған даласына Кеңес әскері қандай мақсатпен енгізілді, сіз, сізбен бірге қазақ даласынан аттанған қарулас серіктеріңіз қандай жауапкершілікті арқалап бардыңыздар?- деген сұраққа  ағамыз әңгімесін әріден бастады.
«Бұл – 1983 жыл.   Әскери міндетін атқаруға барған жігіттерден іріктеп құраған арнайы жасақ құрамында жарты жыл дайындықтан кейін майдан  даласына аттандық»,- деп сөзін сабақтаған Жұмағұл ағамыз Ауған жеріндегі естелік суреттерін көрсетіп, сол күндердің еншісінде жатқан біраз тарих шындығынан сыр ақтарды.  Ағамыз 1986 жылға дейін жат елде болып жатқан ұрыстарға қатысқан. Жат елде, Ауған  даласында болған  әр күні, әрбір сәті қауіп-қатерге толы болған. Жау күтпеген жерден шабуыл жасап техникаларын істен шығарып, көптеген солдаттарды опат қылған. Сондай бір күтпеген шабуыл кезінде Жұмағұл аға қатты жараланған. Жарасынан толық жазылмай жатып, қайта шайқастарға қатысқан. Бейбіт өмірдегі сияқты емделіп жату деген болмайтын, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін аз ғана уақыттан кейін  ұрыс даласына қайта оралған.  Алғашында   жарасын таңып, көп қолдау көрсеткен серіктерінің бірі жаудың кезекті бір күтпеген шабуылы кезінде қоршауда қалып опат болған. Ол өзінің әскери міндетін абыроймен атқарып, ерлікпен қаза болды  деп естелік альбомындағы ескі суреттерінің бірін көрсетті. Ол альбомнан жарақатын емдеген медбикенің де суретін көрдік. Целиноград ауданынан барған жерлесі екен. Қазір де сол жерде өмір сүретінін, хабарласып тұратынын айтты. Ауған  соғысы туралы, оған қатысқан азаматтарымыздың ерліктері туралы  кейінгі жылдары айтылып та, жазылып та жатқанын айтып ризашылығын білдіре келе:  «Біз ауған даласында басқыншылық соғысқа қатысқан жоқпыз, қиын жағдайда өмір сүріп жатқан ауған халқын қорғау, азат ету ұрыстарына қатыстық. Онда барған әр қазақстандық өз елінің алдында берген антына берік екенін дәлелдеп, азаматтық борышын абыроймен қорғап қайтты» - деп, өз сөзін қорытындылады. 
Ал, біздің түйгеніміз: біз, жастар, еліміздің Ауған соғысына  қатысқан ұлдарын Отан алдындағы борыштарын «адал ақтаған азаматтар» деп құрметтеп үлгі тұтуымыз қажет. Ел шетін жаман пиғылды адамдардан қорғайтын, көк байрағымызды желбіретіп биік ұстайтын үлкен жауапкершілікті жас ұрпақ  сезіне білуіміз керек.

Новости в Вашем регионе