«Әлеуметтік қамқорлық» – әлеуметтің әл-ауқатының негізі

Бүгін Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкіметтің ақпараттық-түсіндіру тобы келді. Облыстық мәслихат ғимаратында халықпен жүздескен топ әлеуметтік саладағы өзгерістерді нақтылап, жұртшылық сұрақтарына жауап берді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлініп, еліміз бойынша Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары ұсынылды. Облысымызда 7 мыңға жуық аз қамтылған отбасының 28 мыңын балалар құрайды. Өңір басшысы Алтай Көлгінов мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тұжырымдамасына сәйкес 25 мыңға тарта адам қолдауға ие болып, І топтағы мүгедек балалардың күтіміне жауапты 3000 ата-анаға берілeтін жалақы 30 пайызға артатынын айтады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың баяндауынша, Үкіметке жүктелген жұмыс барысы үш топқа бөлініп қарастырылады. І топта аз қамтылған, көмекті аса қажет ететін отбасылар мен балаларға жәрдемдесу болса, ең төменгі мөлшердегі еңбекақымен қамтылған жұмысшылар мен бюджеттік сала қызметкерлері топтастырылған. ІІ топта баспана мәселесін жеңілдетіп, медицина, білім саласының сапасын арттыру көзделсе, ІІІ топта өңірлік даму, ауыз су, жергілікті жол қатынасын реттеу, газ желісін тарту жұмыстары назарға алынды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджеттік мекеменің ең төменгі табыс табатын мамандарының жалақысы орта есеппен 15-30%-ға өсіп, кемінде бір миллион қазақстандықтың табысы еселенеді. Сондай-ақ білім, денсаулық, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлері және 1-8 разрядты слесарь, сантехник, электромантерлардың айлық табысын 25 пайызға, аудандық, қалалық, облыстық әкімшілікте қызмет атқаратын жұмысшылардың жалақыларын көбейту жоспары нақтыланды. – Елімізде атаулы әлеуметтік көмек төлемдерінің жаңартылған тәртібіне орай көп балалы отбасы балаларының әр қайсысына 20789 теңге бекітіліп, 830 мың қазақстандықты қамту жоспарланды. Соның ішінде 24480-дей адам БҚО-ның азаматтары, – дейді Бердібек Машбекұлы.

Елбасының білім саласында орын алған өзгерістерді бір жүйеге келтіру тапсырмасына орай білім жүйесіндегі ауқымды мәселенің бірі – мектептің материалдық-техникалық базасы, құрылысымен байланысты. Егемендікке қол жеткізген жылдар ішінде 1672 білім ошағы бой көтеріп, 2 миллионнан астам шәкірт біліммен сусындауда. ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың айтуынша, алдағы үш жылда қабырғасы қаланатын 190 мектеп апатты жағдайда танылған білім ұяларының орнын алмастырады.

Мектептегі білімнің сапасы ұстаздың кәсіби шеберлігіне байланысты деп санайды Күләш Ноғатайқызы. Биылдан бастап сынып жетекшілер мен психологтердің біліктілігін шыңдауға мән беріледі. Химия, физика, биология, информатика пәндерін жоғары екі сыныпта ағылшын тілінде оқыту кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Біліктілік бағытындағы курстарға бөлінген қаражат енді педагогтерді даярлауға, білім сапасын көтеруге жұмсалмақшы. Колледж, ЖОО-дағы оқыту бағдарламасы еңбек нарығына сай жасалуы тиіс. Осы бағытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлескен Қазақстанның үздік 20 ЖОО мен 180 колледжін анықтау шаралары жүргізілуде.

Еліміздегі медицина саласы бойынша жиі көтерілетін мәселе – кадр тапшылығы, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. «Нұр Отан» партиясының кезекті съезі ақ халаттылардың, оның ішінде 225 мың маманның жалақысын 30 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Көп жағдайда аудан тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке еркін қол жеткізуі жолға қойылмаған. Ауылдық жерлерде, елді мекендерде жаңа стандартты медициналық-амбулаториялық пункт саны аз. Сондықтан үш жыл ішінде 395 медициналық мекеме салынып, 90 пайызы ауылдарға орналастырылады. Біржан Амантайұлының мәліметінше, облысымызда 22 денсаулық ұйымы салынады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің баяндауынша, халықты баспанамен қамту, жолдар салу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты талап. Биыл мемлекеттік қаражат есебінен 20563 пәтердің құрылысы басталса, мамыр айына дейін 2000-ы әкімдіктер қолдауымен көп балалы отбасыларға беріледі.

Бас партия «Бақуатты қоғамның 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасын дайындап, бір бағыты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, ауыл-аймақтағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда «Ауыл – ел бесігі», көп балалы, аз қамтылған жанұяларды қолдау мақсатында «Бақытты отбасы» жобалары бастау алды. Соңғы екі ай көлемінде «Бірыңғай әлеуметтік терезе» аясында түйіткілді мәселемен жолыққан тұрғындарға кеңес ұсынылып келеді.

Новости в Вашем регионе