«Театр. Тарих. Тағылым»

Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер. Жазушы-драматург Ғабит Мүсіреповтің осы бір даналық ойы ешқашан маңызын жоғалтпасы хақ. Қолымызға алған бұл еңбек театр өнерінің тағы бір тылсым құдіретін ұғындырғандай болды.

Сөз еткелі отырған еңбегіміз – Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының режиссері, талантты актер Самал Әбуовтың «Театр. Тарих. Тағылым» атты жаңа кітабы. Самал Қадерұлының театр саласына еңбегі сіңген, батысқазақстандық қазақ драма театрының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар жайлы мақалаларын түрлі басылып беттерін оқып жүрміз. Көлемді кітапқа жүк болатын сол жазбаларын бір жинаққа топтастырған автор алғашқы еңбегін қалам ұстаған тілшілер қауымының театр туралы мақалаларымен, өнерлі жандардан құралған өз отбасының тынысы туралы сұқбаттармен және фотосуреттермен толықтыруды жөн көріпті. Ал «Қалам ұстаған қас-қағым сәттен» атты тарауда біз білетін актер, режиссер С.Әбуовтың тырнақалды прозалық туындыларымен танысуға болады. Сонымен қатар салар ойы салмақты кітапқа автордың сүйікті жары, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының белді әртістерінің бірі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Эльмира Мақашева аударған қос драмалық шығарма да енгізіліпті.

Күні бүгінге дейін жаңа туындымен танысып үлгерген өнерсүйер оқырман әлеуметтік желілер арқылы өз бағаларын беруде. Әрине, жан сүйсінтетін бұл пікірлерге алып-қосарымыз жоқ. Ендеше, театр тарихынан сыр шертер, оған қоса өмірі мен өнері театр сахнасында қауышқан шаңырақ иелерінің өнерге деген сүйіспеншілігі сезілетін еңбекті сіз де оқып көріңіз, ағайын!

Новости в Вашем регионе