Тәртіп сақшысы «Жыл үздігі» атанды

Орал қалалық ПБ кезекші бөлімі жедел кезекшісінің көмекшісі, полиция аға сержанты Асылхан Темірханов облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Жыл үздігі –2018» жастар сыйлығының иегері атанды.

Бұл туралы қалалық ІІБ-ның баспасөз қызметі хабарлады. Полиция аға сержанты А.Темірхановқа мұндай марапаттың табысталуы кездейсоқтық емес. Ол биылғы желтоқсан айында отқа оранған тұрғын үйден бір отбасын құтқарған. Оқиға шаһардың «Омега зауыты» ауданына қарасты «Вишенка-1» саяжайында орын алған. Сол күні саяжайдағы туысының үйіне түнеген кеіпкеріміз ертемен қарсы беттегі тұрғын үйден шығып жатқан түтінді байқайды. Жанталаса жүгірген полиция қызметкері қызыл жалынға оранған үйдің терезесін сындырып ішке енеді. Сол бойда үй ішінен бес жасар қызды сыртқа алып шығады. Оған қоса үйде 40-50 жас шамасындағы ер адам мен әйел болған. Олар да тілсіз жаудан аман қалды. Асылхан тұрғын үйде газ балоны қалғанын біліп, жеделдетіп өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметтерін, «Үкі» түнгі іздестіру тобын шақырады. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру қызметі үйдегі газ балонды сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметі зардап шеккен үй тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп, түтінге уланғандарын ауруханаға жеткізеді.  

Осылайша қырағы да шапшаң полиция аға сержанты бір отбасын өлім аузынан аман алып қалған. Лайықты марапатқа ие болған сақшыны әріптестері де құттықтауда.   

Новости в Вашем регионе