Сыннан нәтиже шығаратын кез келді

Кеше қала әкімі Мұрат Мұқаев жолаушы тасымалымен айналысатын мекеме басшыларымен кездесіп, қызмет көрсету саласындағы бірқатар келеңсіздіктерді сынға алды.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері маршруттардың биылғы 8 қыркүйек пен 8 қазан аралығындағы желіге шығуы жайлы ақпарат берді. Жолаушылар тасымалына қызмет ететін автобус парктері, олардың қарамағындағы маршруттар туралы толық ақпарат бейнеэкранға шығарылды.

Бүгінде тұрғындар тарапынан желілік маршруттардың қызметіне байланысты шағымдар көптеп айтылатыны белгілі. Мұны шаһар басшысы Мұрат Рахметұлы да тасымалдаушы мекемелер басшыларының қаперіне салды. Қала басшысы қоғамдық автобустарда билеттердің берілмейтінін, кондукторлардың бірыңғай киім үлгісімен қамтылмағанын, олардың бейәдеп әрекеттерін, жүргізушілердің жол ережесіне жиі ұрынатынын сынға алды. Әрине, бұл салада жақсы жаңалықтар да баршылық. «Смарт Сити» тұжырымдамасына сәйкес түрлі жаңа технологиялар қолданысқа енгізілгенін бұған дейін де жазып жүрміз. Тасымалдаушы мекемелер жаңа автобустардың алдыңғы легін де желіге шығарды. Ендеше, азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге не кедергі?!

Кездесу барысында қоғамдық көліктердегі бірқатар келеңсіз көріністер де жария болды. Автобустардың күйі кеткен орындықтары, антисанитариялық жағдайлар, кондукторлардың киім киісі, желіде уақыт аралығын сақтамау, жылдамдықты арттыру сынды олқылықтар әшкере болған. Сонымен қатар қала әкімі жолаушылар автобустарындағы алыстан көзге түсетін түрлі жарнамаларды шаһардың көрікті жерлері, тарихи ескерткіштер бейнеленген көріністермен алмастыруды тапсырды.

– Сіздер тұрғындардың қолайлы  өмір сүруі, қауіпсіздігі үшін қызмет етесіздер. Жұмыстарыңыз заман талабына сай бейімделуі керек. Бұл – сіздердің бизнестеріңіз, оған қаржыны да аямай салған дұрыс. Өз маршруттарыңызды қадағалап, тәртіпсіздіктерге тосқауыл қоятын уақыт жетті. Істі ілгері жылжыту қажет, – деді шаһар басшысы Мұрат Рахметұлы.

Осылайша, жолаушы тасымалымен айналысатын мекеме басшыларын «тәртіпке» шақырған әкім сыннан қорытынды шығару керектігін ерекше атап өтті.

Новости в Вашем регионе