Маңызды құжатты қолдайды

Қазанның 8-і күні БҚО Кәсіподақтар орталығында үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Орталық төрағасы Ербол Салықовтың төрағалығымен өткен жиында кәсіподақ өкілдері Елбасы Жолдауын талқылады.

Кеңесті жүргізген облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Е.Салықов Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы ерекше форматта өткенін айтты. – Бұл дәстүрлі құжатта нақты бағыт-бағдарлар ұсынылды. Ең төменгі жалақыны көтеруден бастап барлық сала бойынша қойылған міндеттер көңілімізден шықты. Мұның барлығы – күнделікті тұрмыста игілігімізге жарайтын дүниелер, – деді Ербол Ғұмарұлы.

Қоғаммен етене араласып, жұмыскерлермен және жұмыс берушілермен жиі кездесетін кәсіподақ белсенділеріне Жолдауда көрсетілген тапсырмалар жақсы таныс. Соның ішінде жалақының аздығы туралы қызметкерлер тарапынан жиі айтылатынын жасырмады. Ал 2019 жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы – кәсіподақ қатарындағы жастар үшін де жаңғымды жаңалық. Орталық төрағасы салалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдеріне Жолдауды барлық кәсіподақ мүшелеріне таныстырып, бірлесе жүзеге асыруды тапсырды.

Сондай-ақ күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе – жуырда Астанада өткен ҚР Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс ХV съезі. Елорда төрінде өткен үлкен жиынға БҚО-дан қатысқан делегаттардың сапында болған Ербол Ғұмарұлы оның өту барысы, талқыланған мәселелер, берілген тапсырмалар төңірегінде баяндады.

 

Новости в Вашем регионе