«Латын әліпбиі» кабинеті ашылды

Қалалық М.Горький атындағы кітапханада Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында «Латын әліпбиі» кабинеті ашылды.

«Латын әліпбиі» кабинетінде ұлттық алфавит, семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдардың онлайн кеңестері оқытылатын болады. Сондай-ақ, мұнда кітапхана қызметкерлері,  қала тұрғындарымен қатар Ұлттық ұланның  жеке құрамы  да латын әліпбиіне үйрене алады.

М.Горький атындағы кітапхана директоры Гүлайым Ақашаеваның сөзіне қарағанда, латын графикасын оқытуға арналған мұндай  кабинеттер  алдағы  уақытта облыс аудандарындағы   барлық кітапханаларда ашылмақ.

Батыс Қазақстан облысының кітапханасында мұндай   кабинеттің ашылуы – тарихи мәні бар оқиға. Осы шараға қатысқан ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы  жанындағы халық мәдениеті университетінің ректоры Шәміл  Меңдіғалиев  өзінің осы графикаға ауысуды 2000 жылдан бері күтіп келгенін, латын жазуы қазақты топтастыратынын айтты. – Біздің бірлігіміз, тірлігіміз мықты болуы керек. Латын жазуы – біздің болашағымыз. Сондықтан осы жазуды қазірден бастап үйренуге, жазуға шақырамын, – деді қоғам қайраткері.

– Латын әліпбиіне көшу – заман талабы, жаһандану үдерісіндегі өркениетке апарар жол. Латын — индустрия тілі, сондықтан латын қарпіне көшетін кезең – нақ осы шақ, — деді ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық басқармасының офицері  капитан  Өміржан Ғабит.

Кітапхана қызметкері  Гүлнұр Алғазы  латын әліпбиіне көшудің мәні мен маңызын түсіндіріп, латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиімен таныстырды,  жаңа әліпбиде кездеспейтін «ц», «э», «ю» әріптерінің латын таңбасымен қалай жазылатындығы, компьютерде кириллицамен терген мәтінді автоматты түрде латын графикасына аудару үшін конвертерді қолдану, қазіргі пернетақталардағы қазақ тіліне тән әріптерді латын графикасымен жазу үшін пернетақтада  қалай теру тәсілі туралы мәлімдеді.

Шара  барысында көрермендер «Латын әліпбиі» кабинетіне қойылған 1929-1940 жылдар аралығында жарық көрген латын графикасы негізіндегі отандық кітаптар мен мерзімді басылымдар көрмесімен танысты.

 

Гүлзада   ҒҰМАРОВА,

майор

Новости в Вашем регионе