Желілік маршруттар жаңа автобустармен толығуда

Оралда 2017 жылы қабылданған қоғамдық көліктерді дамыту тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Соның нәтижесінде биыл қалаішілік желідегі маршруттар 35 жаңа «Вектор» автобусымен толықтырылған.

Бүгін Тұңғыш Президент алаңында сап түзеген жаңа автобустарды

облыс әкімі Алтай Көлгінов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев өз көздерімен көріп, жолаушы тасымалдаушы мекемелер басшыларымен және қызметкерлерімен жолықты. Су жаңа «Вектор» маркалы 35 автобусты үш жолаушы тасымалдаушы мекеме («УралТехСервис», «Ақжол-авто», «Батыс Дилижанс») сатып алған. Атап айтқанда №7 маршрут – он, №39 маршрут – он және №20 маршрут – 15 жаңа автобуспен толыққан. Сыйымдылығы мен қолайлылығы жағынан жолаушылар үшін жайлы автобустар бейнекамералармен, транспорттық карталармен жабдықталған.

Жалпы қазір қалаішілік желіде 450-дің үстінде қоғамдық көлік түрлі бағытта қатынап жүр. Осыдан екі жыл бұрын «Газель» маркалы шағын қоғамдық көліктердің саны 190 болса, қазір отыз шақтысы ғана қалыпты. Сонымен қатар тозығы жеткен ескі автобустарды жаңарту да күн тәртібіне қойылған.

– Қоғамдық көліктерді дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында барлық қоғамдық көліктер GPS-құрылғылармен жабдықталып, «InfoBus» бағдарламасына қосылды. Нәтижесінде әр тұрғын мобильді қосымша арқылы өзіне қажетті желілік маршрут туралы ақпаратты біле алады. Үстіміздегі жылы сегіз маршрутқа толық транспорттық карта енгіздік. Сонымен қатар «СМС-төлемақы" бағдарламасы бойынша жұмыстар атқарылып, екі маршрут осы бағдарламамен қамтылды. Бүгінде тасымалдаушы компаниялармен бірлесе «БРК-Лизинг» компаниясымен келіссөздер жүргізудеміз. Келер жылы 100-ден астам жаңа автобус алуды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі Мұрат Мұқаев журналистерге берген сұқбатында.

Қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасына тұрғындар тарапынан айтылар сын көп. Жаңа автобустармен, тиімді технологиялармен қамтылған тасымалдаушы мекемелер енді жолаушыларға сапалы қызмет көрсетер деген ойдамыз.

(Темірболаттың суреттері)

Новости в Вашем регионе