Елбасы облыстағы цифрландыру жұмыстарына оң бағасын берді

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Елбасы облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге бірқатар өндіріс-кәсіпорындарды аралап, өңір жұртшылығымен және жастармен жүздесті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған Оралдағы Оқушылар сарайында болған Президент мұндағы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығына бас сұғып, балғын спортшылармен әңгімелесті.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңіріміздегі денсаулық сақтау және білім беру салаларында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жұмыстарының барысынан хабардар етті.

Бүгінгі таңда Орал қаласы мен аудан орталықтары кең жолақты интернетпен жүз пайыз қамтылған. Енді шалғай ауылдарға интернет жеткізу жұмыстары қолға алынуда. Облысымызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе қағазсыз жұмыс форматына көшу жобасы пилоттық режімде жүзеге асырылуда. Осы ретте облыс басшысының орынбасары Ғ.Оспанқұлов емдеу мекемелеріндегі қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған электронды кезек, дәрігердің қабылдауына мобильді қосымша арқылы жазылу, емделушінің электронды құжаты, жедел жәрдем қызметін жаңғырту бойынша жасалып жатқан іс-шараларға тоқталды. Сонымен қатар білім саласындағы оңды өзгерістер де назардан тыс қалмады.Өңірімізде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 99,9 пайызға жеткен. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 43 жеке балабақша пайдалануға беріліпті. Биыл олардың қатары 15 жеке балабақшамен толықтырылса, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.

– Еліміздің Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Күнделік» электрондық журналын жүргізудеміз. Соның арқасында баланың мектепке белгісіз себеппен келмеуі 70 пайызға қысқарып, білім сапасы 15 пайызға артты. Бұл ата-ананың баласының үлгерімін және сабаққа қатысуын электронды түрде мобильдік құрылғы арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Интернет жоқ шалғай елді мекендерде офлайн режімінде жұмыс жасайтын «Білім book» құрылғысы сатып алынды. Бұл жүйемен шағын жинақты мектептерді қамтамасыз етеміз, – деген Ғабидолла Абдоллаұлы бұл ауыл баласының сапалы білім алуына қолайлы мүмкіндік екенін айтты. Сонымен бірге Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін ауылдық білім ошақтарына тарату нәтижесінде ауылдық мектептер мен қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтығы азайған. Тағы бір айта кетерлігі, сәби дүниеге келгеннен кейін оған туу туралы куәлігін алу, жәрдемақы рәсімдеу, тұрғылықты жерге және балабақша кезегіне тіркеу жұмыстары да енді интеграцияланған жүйе арқылы электронды түрде іске асырылуда.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде Президенттің цифрландыру бағдарламасына сәйкес мұғалім мен дәрігердің тек өз ісімен айналысуына жол ашылғанын мәлімдеді. Батыс Қазақстандағы денсаулық және білім салаларын цифрландыру барысының қарқындылығына риза болған Мемлекет басшысы жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Елбасы өз сапарын Ақ Жайықтың жалынды жастарымен жүздесумен түйіндеп, олардың ой-пікірлерін тыңдады. М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Зарина Ықсанова Елбасыға студенттерге көрсеткен қамқорлығы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударғаны үшін ризашылығын білдірді. Медиа-менеджер, продюссер, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы бойынша Оралда жыл сайын «Гранд балл» қайырымдылық шарасын ұйымдастырушы Алпамыс Шаримов Елбасы ұлттық мәдениетіміздің әлемдік аренаға шығуына қолайлы жағдай жасағанын мақтанышпен айтты.  Жақсы жаңалығымен бөліскен жерлесіміз күні кеше Израиль елінде өткен «Әлем музыкасы» байқауында қазақтың қара домбырасын жаһанға танытып жүрген «Бастау» тобымен бірге бас жүлдені иеленіп қайтқандарын жеткізді. Журналист Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған «Медиа этика» кітабының маңызына мән берсе, жас кәсіпкер Асхат Рамазанов кәсіпкерлік саласындағы бастамаларына тоқталды. Ал осыдан 27 жыл бұрын Елбасы өзі есімін қойған батысқазақстандық Нұрсұлтан Сақпаев бүгінгі таңда азаматтық авиация ұшқышы мамандығы бойынша білім алып жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Жайық жастарына ақ жол тілеп, сапалы білім алу, білікті маман атану – ең маңызды қадам екеніне сенім білдірді.

(Б.СҰЛТАННЫҢ суреттері)