Елбасы күніндегі елеулі оқиғалар

1 желтоқсан – ҚР-ның Тұңғыш Президенті күніне орай Оралда бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Жаңа тұрғын үй мен спорттық кешендердің ашылуы тұрғындардың мерекелік көңіл күйін еселей түсті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев оралдықтардың қуанышына ортақтасып, олардың ортасынан табылды.

Осындай әлеуметтік нысандардың бірі «Naryn» спорттық кешенінің ашылу салтанатында тұрғындарды мерекелерімен құттықтаған облыс басшысы Алтай Сейдірұлы дені сау ұрпақ – ұлт болашағы екенін атап өтті. – Сіздерді Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтаймын. Біз ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген ұрпақпыз. Тәуелсіз ел атанып, өзіміздің тұңғыш Президентімізді сайладық. Елбасының бастамасымен қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде әлем танитын мемлекетке айналдық. Мемлекет басшысы әр Жолдауында ұлт саулығына, бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөліп келеді. Президенттің тапсырмасы аясында өңірімізде көптеген іс-шаралар атқарылуда, – деген облыс әкімі осы бағытта жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Naryn» спорттық кешені құрылысын қолға алған жоба иесі, жеке кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Амангелді Таспихов бұл нысанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нәтижесінде салынғанын айтты. «Жеке инвестиция құйылғанымен, бұл жоба – Елбасының салиқалы саясатының мақсатты түрде жүзеге асып жатқанының бір көрінісі. Ғимаратты салу барысында ақыл-кеңестерімен бөліскен қала әкімдігіне, спортшыларға, қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын» деді жеке кәсіпкер.

Кешеннің ашылу салтанатына қатысқан меймандар салтанатты шарадан соң жаңа ғимаратты аралап көрді. Спорттық нысанды ұжымдар жалға алып, спорттың волейбол, баскетбол, үстел теннисі, спорттық би сынды түрлерімен шұғылдануына болады. Үш ай көлемінде құрылыс жұмыстары жүргізілген нысанның жалпы аумағы – 600 шарты метр. Тұңғыш Президент күніне орай «Naryn» спорттық кешенінде мүмкіндігі шектеулі жандар, ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер арасында үстел теннисінен облыстық турнир өтуде.

Сонымен қатар бүгін Оралда көпқабатты 120 пәтерлік тұрғын үй, ұлттық спортты дамытуға басымдық беретін «Деркөл» спорттық кешені ел игілігіне берілді.

(Темірболаттың суреттері)

Новости в Вашем регионе