«Бірлесе жұмыстансақ, бірізділікке қол жеткіземіз»

Осы аптаның сейсенбісінде қала әкімдігінде өткен «Ономастика – рухани тұтастық негізі» атты дөңгелек үстелге қатысқан ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері осындай ұсыныс білдірді.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған тіл айлығы аясындағы жиынға қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеров, облыстық тілдерді дамыту басқармасының өкілдері, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, ҮЕҰ төрағалары, филолог-ғалымдар және зиялы қауым қатысты.

Алдымен сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Ерназаров ономастика саласы бойынша өңірімізде атқарылған іс-шараларға тоқталды. Көше, елді мекен, жер-су атауларын өзгертуде туындайтын кедергілерді де жасырмады. Әсіресе, аудандардан келген ұсыныстармен жұмыстануда қиындықтар кездеседі екен. Қолданыстағы заңға сәйкес, бар мәселе көпшілік қоғамдық тыңдау өткізу мерзімдерін сақтамау салдарынан болады. – Оған қоса ономастика саласында ұсынылатын атауларға белгілі бір критерийлар қойылады. Осы ретте де ономастикалық комиссия кей ұсыныстарды кері қайтаруға мәжбүр болады. Ұсынылған атауларды комиссияға дейін аталмыш басқармадағы қоғам белсенділерінен, журналистерден, ғалымдардан құралған жұмыс тобы қарайды. Одан соң комиссия оң қорытындыға келсе, тиісті мемлекеттік органға шешім шығаруға жолданады. Егер географиялық нысандар болса, ұсыныстар республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Ол жақтан оң шешім шығарылса, тиісті жұмыстар атқарылады, – деді басқарма өкілі.

Көше, алаң, тынымбақ, ауыл атауларын қайта атау немесе жаңа атау беру бағытында Оралда да бірқатар істер жасалған. Бұл жөнінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұханғалиев хабардар етті. Айтуынша, Орал қаласы бойынша 2005-2010 жылдар аралығында идеологиялық тұрғыдан ескірген 88 көше мен бір ауылдың атауы өзгертілсе, 68 көшеге жаңа атау берілген. Ал 2014-2017 жылдары 82 жаңа көшенің атауы пайда болып, осы жылдың бірінші жартыжылдығында Оралдағы бір алаң, үш шағынаудан, бір тынымбақ, 83 көше республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысымен жаңа атауды иеленген. Бұл жұмыстар екінші жартыжылдықта да жалғасын тапқанын мәлімдеген бөлім басшысы: – Шаһар маңындағы Круглоозерный, Зашаған, Желаев ауылдарындағы ескі көше атауларын өзгерту жөнінде көпшілік қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қайта қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөніндегі жұмыс тобы бұл жайтты жан-жақты талқылады, – деді.

Ономастика саласына ойысқанда мемлекеттік тілдің мәртебесін де ұмытуға болмайды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев өз сөзінде осы мәселені тереңнен  қозғады. Ана тіліміздің толық қолданысқа әлі де енгізілмегеніне қынжылған тіл жанашыры ҚР Тіл туралы Заңына сүйеніп, топонимикалық атауларды, ұйымдардың атауларын пайдалану тәртібіне назар аударды.

– Мысалы, аты-жөндеріміз куәліктерімізде орысша жазылған. Егер қазақша жазылса, латынша транлитерациялық стандарт бізде жоқ. Соның салдарынан шетелге шығарда проблема туындайды. Қаланың атауын алып қарайық. Географиялық карталарда өзеннің атауы Ресей аумағында «река Урал» деп тұр. Қазақстан аумағында да солай жазылған. Ал қаламыздағы өзен үстінен өтетін көпірден шыға бере екі тілде «река Урал-Жайық өзені» деген жазуды көресіз. Бұл қалай, бір өзенде екі атау бола ма? – деген орынды сауал тастады. Сондай-ақ шаһарымыздың «Орал-Уральск» деген атауы да қисынға келмейді. Заң бойынша осындай олқылықтарды түзету қажет. Сондай-ақ жалқы есімдерді де біріздендіру мәселесіне де тоқталған филиал төрағасы мемлекеттік тіл, ономастика саласындағы ашық идеологиялық жұмыстарды күшейту керектігін баса айтты. – Істелген іс – өз орнында. Ал жасалмаған жұмыстар одан да көп. Осы мәселелерді бірлесе қолға алайық. Ономастика – ең алдымен еліңді, тарихыңды, ұлтыңды танытатын мәселе, – деді Болат Өтеғалиұлы.

Дөңгелек үстелге қатысқан айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір, филолог ғалым Ғабит Хасанов «Зачаганск» елді мекенінің атауын өзгерту, аялдамалар мен шағынаудандардың, көшелердің жаңа атауын кеңінен халық арасына жеткізу, мектептерге қазақтың белгілі тұлғаларының есімдерін беру жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісті.    

Новости в Вашем регионе