7 мамыр – Отан қорғаушылар күні

7 мамыр күні Шортанды кентінің орталық алаңында дәстүрлі Отан қорғаушылар күніне арналған әскери әндер мен сапқа жүру байқауы өтті.

Мерекеге жиналған көпшілік пен сапқа жүрушілерді аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Биылғы ауданның мерейтойына орай «Шортанды ауданына 80 жыл» мерейтойлық медалімен бір топ аудан тұрғындарын марапаттады. Олардың арасында еңбек ардагерлері, сот, құқық қорғау, қорғаныс, төтенше жағдай, аудандық білім беру саласының қызметкерлері мен ауылдық округтер әкімдері бар. Сондай-ақ аудан әкімінің «Алғыс хатымен» бірқатар аудандық білім беру мекемелерінің алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстаздары марапатталды.

Мерекелік сапты аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Айдын Темірбаев саптағы оқушылардан рапорт алумен ашып, сапқа жүру мен әскери әндерді орындауға бұйрық берді. Аудандық мектептердің оқушылары қаз-қатар тізіле сапқа жүріп, шырқата әскери ән салып, мереке сәніне көрік қосты. Ал, Шортанды №1 орта мектебінің оқушылары әскери тактикалық жаттығулар көрсетіп, көрермен көптің көзайымына айналды.

Мереке барысында аудандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көрсетілді.

Новости в Вашем регионе