ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

Осыдан 30 жыл бұрын жарияланбаған соғыстың лаңына нүкте қойылып, кеңестік әскерлердің шектеулі құрамы қанға бөккен Ауғанстан жерін тастап шыққан  еді. Тоғыз жылға созылған қауіп-қатерге толы кезеңдер, сұрапыл соғыстар артта қалды. Кеңестік жауынгерлер өздерінің борыштарын адал атқарып, КСРО-ның оңтүстік шекарасына лайықты қалқан бола білді.

1989 жылы ақпан айының 15-жұлдызында 40-шы армияның қолбасшысы,  генерал-лейтенант Борис Громовтың жауынгерлері  Кеңес елі мен Ауғанстан шекарасын ең соңғы лек болып кесіп өтті. Арнасы жойқын Әмудария өзенінің  үстіндегі көпірде тұрып, даңқты қолбасшы өзінің соңында бірде бір кеңес солдаты мен офицерінің қалмағандығын айтты. Ол сондай-ақ тоғыз жыл бойы тозақ отын кешкен сарбаздарға лайықты ескерткіш қою керектігін де тілге тиек еткен еді.

Кеңес әскері қарапайым ауған халқына  қару кезеген жоқ. Олар тек АҚШ агрессорлары  қолтығына су бүркіп, қолпаштаған лаңкестер мен қару саудалаушыларға қарсы соғысты. Сексенінші жылдары Орталық Азиядан  КСРО  мен  Еуропаға  тасымалданатын  наркотиктің жолына тосқауыл болды. КСРО-дан арнайы барған мамандар кедейшілік шегіндегі осы Азия елінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізіп, бейбіт өмірдің берекесін орнатуға тырысты.

Жуырда Ақмол ауылындағы Мәдениет үйінде осы бір айтулы да, тарихи оқиғаға қатысты салтанатты шара болып өтті. Аудан әкімі Малғаждар Тәткеев өз сөзінде азаматтың борыштарын адал атқарған ауғандық жауынгерлерге шынайы алғыс сезімін білдірді. Ауғанстан жеріндегі алапат соғыста өңіріміздің үш азаматы ұрыс даласында қаза болған екен, ал 40 жерлесіміз туған жерге аман-есен оралған. Малғаждар Саттарұлы ерлік даңқының өшпейтіндігін айта келе, 26 интернационалист-жауынгерге  «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» естелік медальдарын табыс етті.

Салтанатты шара барысында ауған соғысының ардагері, аудан  бойынша ауғандық жауынгерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зейнолла Аппасов сөз сөйлеп, өз ойын ортаға салды. Тарихи деректерге жүгінсек, 22 мыңнан астам солдаттар мен офицерлер соғыс  алапатын бастан кешкен екен. Мыңға тарта  қазақстандық жауынгерлер опат болып, 1 мыңнан астамы мүгедек болып қалған. Ал 21-нен әлі күнге дейін хабар-ошар жоқ.

Бейбіт күндегі соғыс қаншама отбасына қайғы-қасірет әкелді, қаншама боздақтардың өмірлері қыршынынан қиылды.  Дегенмен олар қиындыққа қасқайып қарсы тұрып, ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсете білді.

Ауған ардагерлеріне аудан өнерпаздары ән-билерімен ерекше құрмет көрсетті.

Новости в Вашем регионе