Әріптестік байланыс беки түсті

Осы аптада қала әкімі Мұрат Мұқаев пен Ресейдің Кострома облысының басшысы Юрий Журин өзара әріптестікті нығайту жөнінде меморандумға қол қойып, алдағы уақытта аймақтар арасындағы байланысты нығайтуға уағдаласты.

Қала әкімдігінің кіші мәжіліс залында бас қосқан қос тараптың делегациясы Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты, соның ішінде Елбасы тапсырмасына орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің шекаралас Ресей өңірлерімен арадағы байланысын сөз етті.

Орал қаласының әкімі М.Мұқаев биыл жыл басында біздің делегацияның Кострома қаласында болғанын атап өтті. Бұл жолы шаһарымызға ат басын тіреген костромалық делегация әріптестік қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ниет білдірді. Кострома облысының әкімі Ю.Журиннің айтуынша, екі қаланың бір-біріне ұқсастығы байланысты бекемдей түспек. – Аймақтық деңгейдегі әріптестіктің де маңызы зор. Соның нәтижесінде әр сала бойынша байланысты дамыту көзделіп отыр. Осы сапарымызда бірқатар сауда орындарын араладық. Олардың сөрелерінен біздің тауар өндірушілердің өнімдерін байқадық. Болашақта экономиканың барлық салалары бойынша өзара байланысты дамытуға мүмкіндік болады деген ойдамыз, – деді Юрий Валерьевич. Өңір басшысы Орал қаласы мен Кострома облысы арасындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен қоғамдық келісімнің жарқын үлгісіне айналарына күмән келтірмеді. 

Өз кезегінде қала басшысы Мұрат Рахметұлы: – Қазіргі уақыттағы маңызды мәселенің бірі – жаңа технологияларды қолданысқа енгізу. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен салаларды цифрландыруға баса көңіл аударудамыз. Осындай жобаларымызды сіздермен бөлісуге дайынбыз. Ал сіздердің өңірлеріңіздегі тиімді жобаларды игерудің де біз үшін маңызы зор, – деді.

Жиынға қатысушылар меморандум аясында жүйелі жұмыстар қолға алынып, әріптестік байланыстың беки түсеріне сенім білдірді.

Новости в Вашем регионе