Жазады емдеп науқасты

(Ақ халатты абзал жандар)

Талабы күшті, жүрегі жұмсақ,

Білімі күшті, орнымен жұмсап,

Жазады емдеп науқасты...

«Адам жанының инженері» ақ халатты дәрігерлердің еңбегін бағалайтын-халық, жанына араша іздеген жандар. Дәрігерлер өздерінің істеріне адал болу үшін ант қабылдайды. Антына адал дәрігерлер біздің Сарысу ауданымызда да жетерлік. Сондай-ақ, ақ  халатты абзал жандардың бірі-Саудакент ауылы  ауруханасының аға дәрігері Аймағамбетова Зина Төленқызының еңбегін ерекше бағалауға болады. Себебі, жуырда ғана сол ауруханада емделіп, дәрігердің жылы сөзі мен ем-домдарының арқасында емделіп, сауығып шықтым.

Қай нәрсені болса да адам баласы көзімен көріп, қолымен ұстамаса сене бермейді. Мен, өзім З.Аймағамбетова басқарып отырған бөлімшенің барлық қызметкерлері өз істеріне жауапкершілікпен қарап, дәрігерлер  аурулармен жылы сөйлесіп, уақытылы тексеріп, медбикелер дәрілерін уақытылы беріп отыратындарының куәсі болдым.

Саудакент округіндегі аурухананың халыққа мінсіз қызмет етіп келе жатқанынада ширек ғасыр болды.

Кеңес дәуірінде ауданның орталығынан заман талабына сай аурухананы  салу қажеттігі туындаған болатын. Міне, осыған орай, аудан басшылары Сыздықбай Ұзақбай, Асанов Қырықбай бастаған азаматтар, халықты облыс орталығына сабылтпай, орталықта емделіп шығу үшін аурухананы салдыртқан еді. Сол кездегі ПМК-ның бастығы, аудан тумасы Есенбеков Ұласбектің іскер басшылығының және халқының қамын ойлаған, жанашырлығының арқасында,  үш қабатты аурухананы өте сапалы етіп салып берген болатын.

Бүгінгі таңға дейін өте сапалы салынған бұл аурухананың жағдайы өте жақсы. Бір жеріне де сызат түспеген. Қазіргі уақытта ауруханаға оңтайландыру жұмыстары жүргізілсе, аурухана әлі де болса көп жылдарға дейін халыққа мінсіз қызмет ететіні ақиқат.

Ауруханада жатқанымда көзімнің жеткені бас дәрігерден бастап, медбике, кіші қызметкерлерге дейін барлығы да ауруларға бірдей қарап, берілген ем-домдарын уақытылы беріп, өз жұмыстарын атқарып жатады. Мынау менің туысым, жақыным, ағайыным деп бөліп жарып қарап жатқан дәрігерлерді көрмедім.

Көп жылдардан бері тәжірибесі мол дәрігерлер-З.Аймағамбетова, медбикелер Қ.Арынбекова, Э.Әбдіқалықова, Л.Жүсіпбаева, Л.Байменова, Л.Баймұрзаева, Ж.Исаева және кіші қызметкерлер (санитарка) Р.Жексенбаева, Ф.Маженова, А.Желдібаева, Г.Қуатова  ауруларға қызмет етуде.

Зина Төленқызы басқарып отырған ұжымның ауызбіршілігі мол, ауруларға адал  қызмет етіп, халықтың алғысына бөленуде. Ауруханада көптен бері тәжірибелері мол дәрігерлер- М.Қабылова, З.Аймағамбетовалар және  басқалар жастарға өздерінің көп жылғы тәжірибелерімен бөлісіп, үйретіп отырады. Бірлігі жарасқан бұл ұжымның жұмысын үлгі етуге тұрарлық.

Біздің жатқан екі адамдық бөлме жылы, әрі таза. Ішіне сырттан арнайы артизан құдығы арқылы таза су кіргізілген.  Ауруларға су арнайы қондырғылар арқылы жылытылып беріледі. Аурулар жататын бөлмелердегі төсек орындар  жаңартылған.

Жұқпалы аурулар бөлімінің басшысы Зина  білікті басшы, тәжірибелі маман, өз ісінің шебері деп айтсақ артық болмас. Ауруханаға қанша аурулар келіп түсіп, ауруларынан айығып жатады, барлығы да Зинаға дән риза. «Жақсының жақсылығын айт , нұры тасысын» деген осы емес пе?

Аурухана қызметкерлерінің адал еңбектерін көріп, еріксіз мына төмендегі өлең шумақтары ойға орала берді:

Дәрігер Зина білімді маман,

Бәріне елдің қамқоршы адам.

Адалдықты сақтайды, әділдікті жақтайды...

Медбикелер мамықтай жұмсақ қолымен, екпесін егіп,

Кішіпейіл жылы мейірімін төгіп,

Науқасты емдеп, сенімін елдің ақтаған.

Сексеннен асқан шағымда,

Ауырып бардым алдына.

Көрді де Зина белгісін тауып науқастың,

Науқасты дайындады емдеп жазуға.

Шексіз айтар алғысым,

Денің сау болып шарықта.

Керексің әлі халыққа...

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары