Шылым шегуге қарсы халықаралық күрес күні Темекі және өкпе ауруы

 31 мамыр – Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні. 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен қолға алынған дәстүрлі шара биыл «Темекі және өкпе аурулары» тақырыбына арналады.

 Шылымқорлық – әлемдегі ең үлкен зиянды әдеттердің бірі. Қазіргі таңда әлемдегі әр төртінші еркек пен әр жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен көптеген елдер оған күреске барынша күшін салып келеді.

 Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, жыл сайын әлемде 7 миллион адам темекі салдарынан көз жұмады. Соның 890 мыңға жуығы өзгелер шеккен шылымның түтініне уланғандар. Олардың арасында темекі өсіретін елдерде тұратын балалар да бар. Яғни, пассивті шылымқорлық та біз ойлағандай қауіпсіз емес.Ол жүрек-қан тамыры, жүректің ишемиялық ауруы, өкпе, өңеш, асқазан обыры сынды аурулардың бірден-бір себепкері.

 Ресми статистикаға сүйенсек,Қазақстанда жыл сайын ауруханаға жататын тұрғындардың 68 пайызы немесе 2 миллионға жуық адам –шұғыл жағдайда жеткізілгендер. Былайша айтқанда, әрбір оныншы адам өміріне қауіп төнбейінше емдеу мекемелерінің табалдырығынан аттамайды деген сөз. Ал, өлім-жітім жағынан алғашқы орында тұрған жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс алу органдары аурулары мен қатерлі ісіктің қай-қайсысы да шылымқорлық салдарынан болатын дерттер. Темекі шегетіндер үшін жүрек пен өкпені тұрақты бақылауда ұстаудың маңызы зор.

 Оның үстіне, мемлекет халыққа жәрдем ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін ұсынады. Аталған пакетке жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен консультациясы, көздің көру қабілеті мен көз қысымын тексеру, қандағы холестерин, глюкоза деңгейін тексеру үшін қан тапсыру, электрокардиограмма, флюорография, спирография сынды қызметтер кіреді. Организмде шылымның салдарынан болып жатқан өзгерістер мен ауытқуларды осы процедуралар арқылы ертерек анықтауға болады.

 «Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлемдегі шылым шегетін адамдардың тең жартысы осы жағымсыз әдеттен көз жұмады екен. Зиянды әдеттермен күресіп, өз денсаулығын күту әркімнің өз қолында. Зерттеулерге қарағанда, темекі түтінінде 4 мыңнан астам химиялық зат болады екен. Оның кем дегенде 250-і денсаулыққа зиянды болса, 50-ден астамы қатерлі ісік тудыратындығы анықталған» - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Атырау облысы бойынша филиалының директоры Б. Ғазизов.

31 мамыр –Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні

Темекі және өкпе аурулары

ДЕНСАУЛЫҒЫҢДЫ ТЕГІН ТЕКСЕР!!!

ШЫЛЫМҚОРЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАДНАМА

  • Жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен консультациясы
  • Көздің көру қабілетін тексеру
  • Көздің ішкі қысымын өлшеу
  • Биохимиялық зерттеулер: қандағы холестерин, глюкоза деңгейін анықтау
  • Электрокардиограмма
  • Флюрография (15 жастан)
  • Спирография

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізімі (ҚР Үкіметінің 2009 жылы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына қосымша)

 Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмекті Қазақстанда тұратын әр азамат пайдалана алады. Бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін көмек профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтерден тұрады.

 «Халықтың басым көпшілігі профилактика дегенді дұрыс түсінбей жатады. Оны диета ұстау, спортпен шұғылдану немесе тамақтанар алдында қолды жуу деп ойлайды. Шын мәнінде профилактика — адамның мәдениетіне қатысты мәселе. Әр адам уақыт тауып, жылына бір рет тегін медициналық тексеруден өтіп тұрса ұлт саулығы жақсара түсер еді» - деп атап өтті Б.Ғазизов.

 2019 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға қазынадан 972,7 млрд теңге бөлінді. Оның 395,4 млрд теңгесі емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталады, негізінен профилактикалық шараларға ден қойылмақ.

 Оған қоса, тегін медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникалар да көрсетеді. Биыл мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан 1403 медицина ұйымының 701-і – жеке меншік.

 Атырау облысы бойынша тұрғындарға 64 медицина ұйымы қызмет көрсетті. Оның ішінде 30-ы жеке меншік.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары