ҚЫЗЫЛША АУРУЫНАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ

Қызылша – ауа арқылы тарайтын жұқпалы ауру. Жасырын уақыты 7-14 күнге дейін созылады. Қызылша ауруының вирусы қоршаған ортада төзімсіз, бірақ ауа арқылы жылдам және алысқа тарайды. Жұқпалы болатын уақыты: жасырын уақытынан бастап денеге қызылша бөртпелері шыққаннан кейін алғашқы 4 күн жұқпалы болады. Бұл аурумен қызылшаға қарсы вакцинасы егілмеген адам ауырады.

Ауырып жазылған адамда тұрақты иммунитет пайда болады. Қызылша ауруының белгілері: дене қызуы көтерілу, түшкіріп мұрыннан су ағып, жөтел пайда болады және көз қызарып былшықтайды. Кейбір жағдайда мойын, қолтық бездерінің үлкейіп, ұстағанда ауырсынуы, өкпеде сырыл пайда болуы және науқастың іші ауырып, аздап өтуі мүмкін. 2 - 3 күннен кейін ауыз қуысы ішінде сөктің көлеміндей кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Одан кейін денеге қызыл түсті бөртпелер шығады.
Қызылша бөртпелерінің ерекшелігі: бірінші күні бөртпе бетте, мойында, екінші күні денеге, үшінші күні аяқ-қолдарына шығады. Қызылша  асқынған жағдайда менингит, энцефалит  сияқты және т.б. күрделі ауруларға соғуы мүмкін. Қызылшаның арнайы емдеу дәрілері жоқ. Антибиотиктерді тек оны асқынған жағдайда емдеуге пайдаланады. Қызылшамен ауырған науқастар дәрігер бақылауында міндетті түрде болғаны абзал.
Қызылшадан алдын ала вакцина егу арқылы ғана сақтануға болады. Ал, еліміздің күнтізбесі бойынша қызылша, қызамық, паротит ауруынан сақтайтын үштік вакцинаның 1-ші дозасын баланың 12 айында, 2-ші дозасын баланың 6 жасында егіп, осы аурулардан алдын ала сақтайды.
Қызылша ауруынан алдын ала сақтану үшін:  – балаларыңызға 12 ай және 6 жасында қызылша, қызамық, паротит ауруынан сақтайтын үштік вакцинасы егілмеген болса өздеріңіздің аумағыңыздағы жергілікті денсаулық сақтау мекемелеріне кез келген уақытта барып вакцина ектіріңіздер; - кішкентай сәбилерді ана сүтімен тамақтандыру немесе омырау емізу; - дәрумендерге бай тағамдармен қоректену, күніне 4-5 рет толық дұрыс тамақтану; - көп жиылған жиын жерлерге бармау; - үй тазалығын сақтау, 2 сағат сайын ауа алмастыру; - бетперде тағуды қалыптастыру; - қол тазалығын жақсы ұстану.
Дененің ауруға қарсы иммунитетін жақсарту үшін денені шынықтырудың да пайдасы зор.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары