Конго–Қырым қанды қызбасы

009 “Энзоотияға қарсы іс-шара жүргізу” бағдарламасы бойынша Конго-Қырым қанды қызбасы ауруының алдын алу үшін кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары үстіміздегі жылдың 1 сәуірі мен 15 мамыры аралығында жүргізіледі. Арыс қаласының тұрғындарына ветеринариялық дәрігерлермен қора-жайларыңызды залалсыздандырып алу қажеттігін естеріңізге саламыз. Дәрі-дәрмек сеппес бұрын қора-жайларыңыздың тазалығына мән беріледі.

Сондай-ақ, кенеге қарсы ірі қара малдарды бүрку және уақ малдарды тоғыту керек. Қарамағыңыздағы малдарды, қора-жайларды уақтылы залалсыздандыру кенеден жұғатын қауіпті аурулардан сақтандырады.Конго-Қырым қанды қызбасы көктем, күз мезгілінде көбірек кездеседі. Аурудың инфекциясы адамдарға кененің шағуы арқылы жұғады. Кене өте жылдам жағдайда өсіп-өніп, жануарларға және адамдарға білдірмей, ауыртпай терінің жұмсақ жеріне жабысып қан сорады. Кене көкала ауруы қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы болып табылады. Адамдар жеке бастың тазалығын сақтамаса, кенені езген жағдайда, қолымен алғанда, қой қырқымы кезінде кененің қаны шашырап ауруды жұқтырады.
Көкала ауруының инкубациялық (аса қауіпті) кезеңі 2 күннен 12 күнге дейін созылады. Науқас адамның дене ыстығы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Басы қатты ауырып, тәбеті төмендеп, тамақ ішпесе де жүрегі айнып, құсқысы келеді. Аурудың 2-5 күндері мұрыннан, асқазан, ішек жолдарынан, қызыл иектен, әйелдердің жатырынан қан кетеді. Науқастың денесі бөртеді, қол мен теріні қатты басқанда немесе ине шаншығанда қанталап, көгереді. Науқас адам дер кезінде дәрігерге көрінбесе, ауруы асқынып, қасындағы адамдарға жұқтыруы және өлім жағдайына әкелуі мүмкін.
Кене шаққанда не істеу керек?
- қой қырқымы кезiнде қолға қолғап, үстіңізге арнайы киім киген жөн;
- орман-тоғайда жүрген кезде, мал қораны тазалаған кезде үстеріңізді мұқият қарап жүріңіздер;
- кененің теріге жабысқан жеріне өсімдік майын тамызып күту қажет, өзі түседі немесе абайлап қысқышпен, болмаса күрмектелген жіппен алып, отқа жағыңыз;
- шаққан жерін йод ерітіндісімен немесе спиртпен сүрту қажет;
- өрістен келген малдардың үстінен, мал қорадан кенені көрсеңіз қолғап киіп, кенені алып, отқа жағыңыз;
- тез арада дәрігерге көріну керек.
Естеріңізде болсын! Еш уақытта кенені қолмен езбеңіздер. Көктем, күз мезгілдерінде малдарды, мал қораны залалсыздандырып тұрыңыз. Егер де қора-жайыңыз таза болмаған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады.

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары