Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – жедел, қызбамен, жалпы уланумен, өлім-жітімнің жоғарылығымен сипатталатын вирусты инфекция. КҚГҚ вирусы Оңтүстік Қазақстан облысы КҚГҚ аурушаңдығынан эндемиялық аумақ болып саналады. Ауру көзі – ауру адамдар және вирус жұқтырған жануарлар. Жұқтырудың қауіпті тобында: жануарларды күтіп бағумен, сондай-ақ эндемиялық аумақтарда мал союмен немесе мүшелеумен байланысты қызметтің (шопан, малшы, сақманшы, ветеринар қызметкерлері) түрлерімен айналысатын адамдар, қанмен және ағзаның басқа да биологиялық сұйықтықтарымен қауіпсіздік ережесін сақтамаған жағдайда медициналық қызметкерлер  шалдығады.

Негізгі тасымалдаушылары – иксод кенелері. Табиғи ортада бұл вирус кенелердің және әртүрлі жабайы жануарлардың (қояндар, ұсақ кеміргіштер, кірпілер) және үй жануарларының (ешкілер, қойлар, сиырлар, жылқылар және т.б.) ағзасында болады.Адамдар арасындағы індет жағдайлары көбіне көктем-жазғы уақыттарда (сәуір-тамыз) тіркеледі. Кенелердің айырмашылығы – аса сезімталдығы. Олар жан-жануарларды алыстан сезіп, іздеп тауып, оларға жабысып қанын сорады. Бір-екі жыл өмір сүріп, бірден 3-4 мың жұмыртқа шашады. Бұл жұмыртқалардан өскен майда кенелер дала тышқандарының, суырлардың, қояндардың, құстардың, тағы басқа жәндіктер мен жабайы жануарлардың денесіне жабысып, қанын сорып өмір сүрсе, үлкендері ірі аңдарға, үй жануарларына, адамға жабысып, қанымен қоректенеді.
Адам ағзасына кене  вирусын қан сорған жерінде сілекейімен қалдырады. Олар сол жердегі майда қан тамырына еніп, қан жүйесі арқылы денеге тарап, тез өсіп, өніп, көбейіп улы заттарын бөледі. Удың әсерінен дененің майда қан тамырларының құрылыс клеткалары ыдырап, өзгеріске душар болу салдарынан тамырлардан қан сызаттап шығуына байланысты тері астында көк ала дақтар пайда болады. Кейде әр жерден тері қабаты тесіліп, қан атқылайды. Мұндай өзгерістер ішкі мүшелерде де болуы мүмкін. Аурудың алғашқы сатысында қысқа уақыт ішінде жоғарғы температура 39-40, қатты бас ауруы, тоңып-қалтырап, ұйқысы бұзылып, тәбеті нашарлап, жүрегі айнып құсуы мүмкін, жүрек соғысы баяулап, артериялық қан қысымы төмендейді. Қан кету белгілерінің бастапқы кезеңі науқастың денесінде бөртпенің пайда болуымен, түрлі инъекциялар жасаған жерде гематоманың пайда болуымен, қан кетумен сипатталады. Аурудың өршу кезеңі 4-7 күнге созылады және бұл кезең ағзаның жалпы улануымен, ағзалардан қан кетуімен (мұрыннан, құлақтан, асқазан, әйелдерде жатырдан қан кетуі) сипатталады. Кеселге тән белгілердің бірі – Пастернацкий синдромы. Беті боз, ісіңкі, еріндері көгерген. Сана бұзылысының болуы да ықтимал. Бауыр ұлғай-ған. Олигоурия байқалады. Асқынулары – сепсис, тромбофлебиттер, пневмония, жедел бүйрек тапшылығы, отит. Осындай асқынуларға жол бермес үшін келесі ережелерді сақтаған жөн:
- егістік алқабында, саяжайларда жұмыс жасағанда жəне табиғат аясында демалысқа шыққанда арнаулы киімдер, жеңі ұзын, жағасын түймелейтін киімдер киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып жүру керек. Кенесі көп жерлерге арнайы  дəрілеу жұмыстарын жүргізуді, үй жануарларына кене жабыспау үшін малды дəрілеп, тоғыту қажет. Кенелердің ерте белсенділігі кезінде қарсы профилактикалық іс-шаралардың бірінші кезеңі наурызда басталады, сəуірдің басынан кешіктірмей аяқталады.
 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары