ЕЛОРДА ТҰРҒЫНДАРЫНА 2020 ЖЫЛДАН БАСТАП ТМККК ЖӘНЕ МӘМС ПАКЕТТЕРІ БОЙЫНША МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛЕДІ

Қазақстан Үкіметі келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК және МӘМС) шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті.

МӘМС жүйесі іске қосылатын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елорда тұрғындарына екі түрлі пакет бойынша медициналық көмек көрсетіледі.

Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті.

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) аясында қандай қызметтер көрсетіледі? Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Яғни, мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан,

барлық азаматтар: емханаға қаралып, стационарда жатып емделе алады; әлеуметтік маңызы бар аурулар осы пакет негізінде тегін емделеді. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандар ғана пайдалана алады. Көмек қажет ететін азаматтарға паллиативтік қызмет (көмек) көрсетіледі. Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді.  

ТМККК шеңберіндегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) тұрғындар тіркелген емханалар мен клиникалар (учаскелік терапевт, педиатр, жалпы практика дәрігері, фельдшер, тіркелген емханадағы медбике, т.б.) тарапынан көрсетіледі. БМСК: профилактикалық екпелер мен скринингтер; жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды дәрігерлік бақылау; созылмалы аурулар (25 топ бойынша) мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды (онкология, туберкулез, ВИЧ, психикалық аурулар) динамикалық бақылау сынды медициналық қызмет түрлері.

Азаматтардың барлығы шұғыл медициналық көмек ала алады, терапевке қаралып (созылмалы ауруы асқынғанда), диагностикалық көмек, соның ішінде лабораторлық диагностика қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ, әр адам мамандардан салауатты өмір салты, репродуктивтік денсаулық мәселелеріне қатысты кеңес алуына болады.

Қайталап айтамыз, ТМККК пакеті азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі. Сондықтан да бұл кепілдендірілген стандарт болып саналады.

 

Медициналық көмектің екінші түрі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында қандай қызметтер ұсынылады? МӘМС пакетіне бағасы қымбат операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы, т.б. сынды қызметтер кіреді. Оны медициналық сақтандырылған азаматтар ғана пайдалана алады.

Сондай-ақ, МӘМС пакетінде табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: жоғары технологиялық медициналық қызметтер, ауруханаға жатуға себеп болған, асқынған ауруларды (эстетикалық мақсатта жасалған пластикалық операцияларды қоспағанда) емдеу, МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ, қанмен және қан компоненттерімен қамтамасыз ету,

медициналық оңалту және қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шаралары,

емдік тамақтану, т.с.с бар. Және, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.  

 

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бізге не қажеті бар?» деген сауалды жиі естиміз. Қажет. Неге десеңіздер, біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын өз қалталарынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Бір сөзбен айтқанда, отбасының бір мүшесі ауыра қалса, көңіл-күйден бөлек, отбасы бюджетіне де едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы міне, осында.

Тағы бір айта кетерлігі, тегін медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникалар да көрсетеді. Биыл елордада мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан 93 медицина ұйымының 58-і – жеке меншік. 2018 жылмен салыстырғанда жекеменшік клиникалар саны 9-ға көбейген. Бұл сан 2020 жылы бұдан да көбеюі мүмкін. Яғни, медицина ұйымдарының арасында бәсекелестік артып, медициналық қызмет сапасы артады», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұрсұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

 

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілетін кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын МӘМС пакетінің операторы болып табылады. Медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы келісімшарт негізінде Ұлттық банкте сақталады  және 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. 

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары