Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударуда елордалықтар екінші орында

Медициналық сақтандыру жүйесі - медициналық қызмет сапасы мен оның қолжетімділігінің кепілі.

Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 наурызы аралығындағы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жинақталған жарнаның жалпы сомасы 19,7 млрд теңге шамасында. Бұл республика бойынша түскен 157,8 млрд теңге көлеміндегі сақтандыру жарнасы мен аударымдарының 12,5%-ын құрайды. Жалпы, аймақтық тұрғыдан алғанда, Нұр-Сұлтан медициналық сақтандыру жарналары-аударымдары бойынша Алматы қаласынан (21%) кейін екінші орында, ал үшінші орында - Қарағанды облысы (8,2%).

«Медициналық сақтандыру қорына жарна аударуда елордалық жұмыс берушілер белсенділік танытып келеді. Яғни медициналық сақтандыру жарналар мен аударымдарының қомақты бөлігі - 18,39 млрд теңге (93%) жұмыс берушілерге тиесілі, қалған 1,32 млрд теңге (7%) - жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтардан түскен жарналар», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық банкпен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасасқан. Соған сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта бұл қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары