14 Маусым Дүниежүзілік Донор күні

2019 жылы дүниежүзілік донорлар күні «Баршаға қауіпсіз қан» деген ұранмен атап өтілмек. Әдетте бұл күні өз еркімен қан тапсыратын және ол үшін бір тиын сұрамайтын, сол арқылы талай адамды ажал аузынан арашалап алуға септігін тигізіп жүрген азаматтарға ілтипат көрсету дәстүрге айналған. Сонымен қатар, бұл күн қан тапсырудың денсаулыққа тигізер пайдасы жайлы айтып, жұртшылықты қан құюды қажет ететін адамдарға қолұшын беруге жұмылдыруды көздейді.

Мамандар пікірінше, адам ағзасында 5,5 литрге жуық қан болады. Бір рет қан тапсырғанда 350-450 миллилитр қан алынады. Бұл оның жаңарып тасуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұрақты түрде қан тапсыратын адамдардың өмірі орта есеппен бес жылға ұзарады.

Дәрігерлер қан алар алдында донордың денсаулығына, қанының тазалығына ерекше мән береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының биылғы шараны қан қауіпсіздігіне арнауы да сондықтан.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ мәліметінше, Қазақстанда донорларға бірқатар артықшылықтар қарастырылған. Мәселен, олар ВИЧ/СПИД, сифилис, қандағы гемоглобин мөлшерін, қан тобы мен резус-факторын анықтау сынды талдау түрлерін кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тегін тапсыра алады.

Трансфузиология ұлттық-өндірістік орталығының хабарлауынша, Қазақстанда жыл сайын 200 мыңнан астам адам қан тапсырады. Оның 18 мыңнан астамы тұрақты түрде қан беретін донорлар. Елорданың өзінде жыл сайын 40 мың адам қан тапсыратын көрінеді.

Атырау облысы бойынша 2019 жылдың соңғы 5 айы ішінде донорлыққа қан тапсыруға ынталанғандар саны – 3624 донор. Донорлыққа қан тапсырғандар саны – 2634 донор. Оның ішінде: Жылжымалы жағдайда – 183 донор, ақылы – 146 донор; ақысыз – 2305 донор. 2019 жылдың 5 айында барлығы – 6084 доза дайындалған.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары